Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы бойынша тақырыптық қабылдауы өткізілді.
Қабылдауға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Л. Темірова және Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Г. Ертанова қатысып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
«Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Партия алаңында өткізілген қабылдау барысында жобаның алғышарттары тұрғындарға түсіндіріліп, несие немесе займдар бойынша жаңа кестеге шығу немесе банкроттық деп танылу жолдары бойынша кеңестер берілді.
Құзырлы мекеменің мәліметі бойынша Банкроттық туралы Заң күшіне енгеннен бері облыс бойынша банкрот деп тану туралы барлығы 6 мыңнан астам өтініш тіркелген. Оның 520-ы қанағаттандырылса, 404 өтініш қаралу үстінде, ал қалған өтініштер қанағаттандырудан бас тартылды.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндікке тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында партия филиалы аталмыш бағыттағы шараларды жалғастыратын болады.