Kyzylorda-news.kz  Партияның облыстық филиалы жанындағы «Кітап - AMANAT» орталығында бірнеше жыр жинақтары мен прозалық кітаптардың  авторы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Телерадио Академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, Қазақстанның Құрметті Журналисті Қаршыға Есімсейітованың  «Шешім» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Қаршыға Құрмашқызы бұл кітабында кейінгі толқын жастарға, студенттерге өз болмысының тұңғиық әлемін ашып, көңіл терезесінен сәуле түсірейін деген шешім қабылдаған.
Шараны ашқан партияның облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов партияның «Кітап-AMANAT» жобасы мен орталықтың негізгі жұмысын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беріп келеді. Осы орайда «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде Президенттің ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсету бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосып, барлық өңірлерде партия филиалдары жанынан кітап орталықтарын ашты. Бұл орталықтардың мақсаты  отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдау.Олардың туындыларын оқырманға барынша қолжетімді бағамен ұсыну. Қазақ тілінде кітап шығаратын отандық баспаларды қолдау және қазақстандықтардың интеллектуалдық-мәдени әлеуетін дамыту проблемаларына жұртшылықтың назарын аудару болып табылады. Мұнан бөлек, бұл орталықтарда оқырмандар кештері ұйымдастырылады. Жаңа кітаптардың презентациялары өтіп, қазақстандық жазушылардың қатысуымен партияның түрлі іс-шаралары өткізілуде. Бүгінгі шара соның бір көрінісі»,- деді Алтынбек Жарылқасынов. 

Кездесуге партияның облыстық филиалы жанындағы ұлттық руханият пен мәдениетті қолдау жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Бір нәзік сезім», «Мен табынған құдірет», «Құмырсқа тірлік» атты әңгімелер мен новеллалардың авторы Несібелі Рахмет, ақын, сазгер тіл жанашыры Ділдахан Торғаева,   Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілда қатысып, кейінгі ұрпаққа білім мен тәлім - тәрбие берудегі «Кітап – AMANAT» жобасының маңыздылығы зор екендігін атап өтіп, автор мен оның туындысы туралы ой бөлісті. 

Тағылымды шара барысында сиясы кеппеген жаңа туынды оқырман қауым үшін партияның «Кітап - Аманат» орталығына тапсырылды. 

Тағы да оқыңыз: