Kyzylorda-news.kz Біздің ел «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тәмсілді ұстанады. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған.
Наурыздың соңғы күндерінен бері елді әбігерге салып, сай саланы қамтыған судан зардап шеккендерге де еліміз көмек қолын ұсынуда. Тасқын сумен алысып, бар жиған-тергенінен бір-ақ сәтте айырылып қалу оңай емес. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнекөріністерді жүрек сыздамай көру мүмкін емес. Қарғын судың кесірінен көмекке мұқтаж болған жерлестеріміз үшін Қазақстан халқы жұдырықтай жұмыла іске кірісті. Жер-жерден гуманитарлық көмектер ұйымдастырылып, межелі жерге жеткізілуде.
Мұндай қайырымды істен аудан халқы да қалыс қалмады. Ең бірінші аудан мен қаланы жақындатып, қолжетімді бағада қызмет көрсетіп жүрген қармақшылық ерікті жігіттер 3 көлікпен Ақтөбеге аудан халқының жылуын жеткізді. Одан кейін де кент, ауылдық округтерден, аудан кәсіпкерлерінен бірнеше рет көмек жіберілуде. Сауапты істен құр қалмауға тырысқан әрбір жан қолында барын айтпай келетін апаттан зардап шеккендерге ұсынуда.
Осыған қарап, қайырымдылықты ту еткен халқымыздың қасиеті қанымызға сіңгендігін, оның әрі қарай жалғасып келе жатқанын аңғарамыз. Бұл ретте қайырымдылық ұғымын терең зерттеген ғұлама әл-Фараби: «Адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» деген. Осы ретте қайырлы іске үлес қосқан жомарт жандардың көптігі қуантады. Оларға Алла мол сауаптан жазсын дейміз. Өзгеге ізгі ниетпен берілген көмек – жақылықтың бастауы, несібенің қайнар көзі. Кең жүректі, мейірімді жандар көп болса, ізгіліктің шырағы өшпесі анық.
