Kyzylorda-news.kz Қарулы күштер отанымыздың тірегі. Елдің дамуына, тыныштығына тек әскерилер ғана емес, ата заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар кез келген азамат үшін ең басты парыз – Отан алдындағы борышын өтеу. «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі», – деп қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқан екен.
Отанды қорғау, ең алдымен, ер азаматтардың міндеті. «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» – деп еліміздің Констиутциясында да көрсетілген. Патриотизм – өз еңбегін, күш жігерін туған жерін көркейтуге, Отанын қорғауға жұмсау деген ұғымды білдіреді. Осы ретте, Жосалы кентінің әкімшілігі Қармақшы ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерімен бірлесе отырып, әскерге шақырылушылар арасында Отанды қорғау, патриоттық сезімді нығайту жолында бірқатар шараларды атқаруда.
Нәтижесінде көктемгі әскерге шақыру басталғалы Жосалы кенті бойынша 10 азамат әскерге жіберілсе, бүгін тағы 6 азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды.
