Kyzylorda-news.kz. Жосалы кентіндегі Төребай би, Кірекесов, Ібаш жырау көшелері тұрғындарының ұйымдастыруымен тасаттық берілді. Алдымен осы көшелер тұрғындары Сарыөзек көлінде ірі қара малын құрбандыққа шалса, ертесіне  «Қазақ хандығының 500 жылдығы» атындағы кешен маңында әруақтарға арнап ас ұйымдастырды. 

«Ораз ахун» мешітінің діни қызметкері Шайхысылам Исламханов «Жаңбыр-Тасаттық» намазын оқығаннан кейін оған жиналған қауым арнайылап берілген ас дастарқанынан дәм татып, Құран-қатым сағырына қол жайып, дұға жасады.Сондай-ақ, мешіт қызметкері түрлі тақырыпта, тасаттық туралы салауат айтып, жамағатты діни біліммен сусындатты. 

«Осындай тағылымды іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі  – ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Рауа Бүркітбаевадан көше тұрғындары тарапынан өткізілген тасаттық жайлы айтып беруін сұрағанымызда ол: «Бұл игі шара Төребай би, Ібаш жырау, Кірекесов көшелерінің тұрғындарының бастамасымен ұйымдастырылуда. Оның ішінде, Жаңыл Меңдібаева, Нұргүл Шөкенова, Асылхан Бисенбаев, Мықтыбай Төлегенов, Әбен Қаракөзиев, Айған, Болатбай Сәтпен, Жұмагүл Әбдімомынова, Жақсылық Айтбаев сынды азаматтардың, сонымен қатар Нұрлан Райымбаев, Нұрбол Төлегенов, Алмат Жәкеев, Мейірімжан Айтбаев, Рашид Созақбаев, Еркебұлан Шәлтіков, басқа да жастардың қолдауымен жүзеге асырылған шара деп айтсақ артық емес. Келіндер де инабаттылығын танытып, жиналған қауымға қызмет етті. Жігіттеріміз өз міндеттерін атқарып, аға буыннан алғыс алуда. Осы ретте, тағы бір ерекше айта кететін жайт, Жолдас Бекбаев деген азаматымыз жеке көлігімен осы шараның өтуіне үлкен қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Қазақ қашан да ұйымшылдығымызбен, бірлігімізбмен танылған халықпыз. Жетімінің арқасынан қағып, бауырымызға басқан, жесірін жылатпаған елміз. Пана сұрап келгенге қол ұшын созып, бір үзім нанымызды беріп, пана болған ұлтпыз. Бұл шараның басты мақсаты Алладан  жаңбыр жауғанын тілеп, егілген егіннің бітік шығуына, мал-жанның  амандығын сұрауы», – деді ол.

Тасаттықта  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, еңбек ардагерлері Жазықбай Нұржанов, Орынбасар Сариев сөз сөйлеп, ағалық баталарын берді.

Тағы да оқыңыз: