Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда Қармақшы ауданында өзін-өзі жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсартуда үлес қосып жүрген азаматтар қатары артқан. Солардың бірі жұмыссыз жүрген ауыл тұрғыны Гүлнәр Есенова мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаражат 1 миллион 200 мың теңге грантты жеңіп алып, бүгінде "Кондитер өнімдерін өндіру" цехын іске қосып, өз кәсібін бастап, жас кәсіпкер атанып отыр.

Гүлнәр кішкентайынан аспаздық өнерге жақын болыпты. Көпбалалы ана жұмыс жоқ деп отырып қалмай, қолдан келетін ісін әрі қарай дамытып, кәсібінің несібесін көріп отыр.

«Өзім ас әзірлегенді, оның ішінде тәтті тоқаштар пісіргенді ұнатамын. Жұмыссыз болған соң, қандай жұмыс істеймін деп көп ойланбадым. Бизнес жоспарымды дайындап, мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалануды жөн көрдім. Қазір жаман емес, өнімге сұраныс бар. Біздің цехта ұннан жасалатын шәйға тістеуге түрлі тәттілер, қолдың таза етінен жасалған дайын тұшпара, самса, бәліш, бауырсақ өнімдерінің бәрі бар. Бағасы да қалтаға қонымды», – дейді кәсіпкер.

Жалпы, ауданда кәсібімді бастаймын, жұмыс жасаймын, халыққа қызмет жасаймын дегендерге мемлекет демеу беріп, қарасып отыр. Ал Гүлнәр Есенова болса, келешекте цех аумағын кеңейтіп, пісіретін өнім түрлерін де ұлғайтсам дейді.
 

316115835_1768947900172396_4176436498904334901_n.jpg

315931615_1768947796839073_2470393730727583502_n.jpg

Тағы да оқыңыз: