Kyzylorda-news.kz. Бөдене жұмыртқасынан дайындалған тағамды тұтынатын адамдарда радиациялық аурулар жеңіл түрде болатыны дәлелденген. Демікпе, созылмалы өкпе ауруын, туберкулезді, созылмалы гастрит, асқазан ауруын, өт іріктелетін қалта ауруы мен өт жолдарын, жүрек-қан тамырларының жетіспеушілігін, рахит, қан аздық, сәуле ауруларын емдеуде қолданады. Бөдене жұмыртқаларын жүйелі пайдалану ағзадағы түрлі ауруларға, оның ішінде туберкулезге қарсы күресуін жоғарылатады. Бөдене үйде де ұсталады.
Жосалы кентінің тұрғыны Бердібек Төлепбергенов бөдененің емдік қасиетіне қанығып, оны кәсіп еткеніне 5 жылдың жүзі болды. Ол ерекше құстарды ауласындағы шағын сарайда өсіруде. Балапандарынан бөлек бөдененің 200-ден астам «Финикс» тұқымын өсіруде.
«Бала кезімде құс өсіруге құштар болдым. Кептер, тауық, қаз, үйрек дегендерді көп өсірдім. Олардың етін, жұмыртқасын сатып, ата-анама қолғабыс еттім. Ұмытпасам осы кәсіпке келуіме осыдан 5 жыл бұрын зайыбым Рима себепкер болып, оның қолдауымен оны меңгеруді қолға алдым. Алғашқы кезде 13 данасын сатып алып, өсіруден бастадым. Күндер өте олардың саны көбейіп, жұмыртқа сала бастады. Әрі қызық, әрі үйге аз да болса табыс та келе бастады. Алматы, Шымкент, Ақөбе қалаларынан бөдене кәсібімен айналысатындармен танысып, тәжірибе алмастым. Қазір кәсібімді кеңейтуді мақсат етіп, бүгінде сол жоспарымды жүзеге асырып жатқан жайым бар. Бағымымдағы бөдене саны 200-ден асты, балапандары да жетерлік. Күніне 60-тан астам жұмыртқа аламын. Жұмыртқасын нарық бағасынан едәуір арзан бағаға сатудамын. Қаншамасын науқастарға, кәсіп ретінде асырауға ниет білдіргендерге саттым. Олар әлі де хабарласуда. Әсіресе, денсаулығын реттеймін дегендерден сұраныс көп. Олар хабарласып, қалай тамақтандыру керек, қалай күтім жасау керек дегендей, кеңес сұрап жатады. Әлбетте, мен қолдан келген көмегімді көрсетіп, кеңесімді беремін. Әзірге ауданда бөдене өсіру кәсібімен айналысатын жалғыз менмін. Осы кәсіппен айналысқысы келетіндерге мен әркез көмектесуге дайынмын. Бөденінің түрлі науқастыққа емі бар. Аналығы мен еркегінің және балапандарының жемі екі түрлі. Бұл жақта оның жемі жоқтың қасы. Мен оларды Алматы, Ақтөбе қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырамын. Бағасы да қымбат. Өйткені, бөдене ерекше құс. Ол тағамды талғап жейді. Бұл кәсіптен басқа аулалық бақшалығымда түрлі жеміс ағаштарын баптап өсірудемін. Олар да жемісін беруде», – дейді бөдене баптаған Бердібек.