Kyzylorda-news.kz  Халықтың алтын мұрасы, қымбат қазынасы – архив қоры. Уақыт өтеді, ескі көнереді, бірақ рухани мұраның келешек ұрпаққа берер тағылымы мен тәлімі мәңгілік жалғасады.

9 мамыр мерекесі жақындап келеді. Тұтқиылдан Кеңестер Одағына басқыншылықпен шабуыл жасаған неміс фашизмінің адамзат баласына жасаған қайғысы мен қасіретіне қанша жыл өткенімен, соғыстың барлық ауыртпалығын басынан өткізген бұрынғы көпұлтты Кеңес халқы ешқашан ұмытпайды. «Ер есімі – ел есінде» демекші, мақалаға арқау еткелі отырған батырларымыздың бірі – қармақшылық Махамбетжан Ермаханов.

Майдангер 1919 жылдың қыркүйегінде Қармақшы ауданына қарасты №6 ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анадан жастайынан жетім қалған ол жұмысқа ерте жегіліп, өзінен кейінгі інісі мен қарындасы Садық пен Күлпашты асырайды. Інісі мен қарындасын немере ағасы, жырау Молдахмет Дабылұлына аманат етіп, 1939 жылдың 19 қыркүйегінде Совет Армиясы қатарына алынады. Махамбетжан армия қатарында жүріп Финляндия соғысына қатысады. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан өткізіп, Беларус, Калинин, Батыс майдандарында және Украина, Прибалтика, Москва үшін шайқастарда жауға қарсы жан аянбай шайқасқан.

1941 жылы ол ІІ-ші Украина мергені, мергендер бөлімінің командирі, танкіге қарсы ататын ПТР мылтығының бірінші нөмірлі атқышы, барлаушылар тобының жетекшісі болып, Харьков қаласы түбіндегі қиян-кесті ұрысқа, Сталинград майданына, Ленинград блокадасына, Днепр өзенінен өтетін сұрапыл шабуылға қатысып, Курск доғасындағы шешуші шайқасқа белсене араласқан. Бір жылдан кейін Кривой-Рог қаласын азат етуде оң қолынан, одан кейін де төрт рет ауыр жарақаттанып, талай рет ажалға бетпе-бет келген. Майдан даласында жүріп, партия қатарына өткен.

Жауынгер 1944 жылдың жазында үшінші топтағы мүгедек болып туған еліне оралады. Сол кезде ол небәрі жиырма бес жаста болыпты. Елге аман-есен келгеннен кейін Ақжар ауылының қызы Гүлжаһан Байсаловамен отбасын құрып, жеті бала тәрбиелеп өсіреді. 1945 жылы туып-өскен ауылы Аманкелді ұжшар Қашқансу байланыс бөлімшесі ашылып, ол соның бастығы болып тағайындалып, 37 жыл бойы абыройлы еңбек етеді. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып, құрметке бөленген.
Еңбегі жоғары бағаланып ІІ-дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20, 30 жылдығы, «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталады. 1982 жылы тағдырдың жазуымен 63 жасында дүниеден озған.

Халқымызда «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген дана сөз бар. Иә, жалындаған жастық шағында оқ пен оттың ортасында болып, Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан, бүкіл ғұмырын ел дәулетін арттыруға арнаған ардақты жандар ешқашанда ұмытылмайды. Осындай майдангер аталарымыздың өмір жолын зерттеп, ұлағатты істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.

Архив қорында Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің өмірлері және қызметтері жайлы құжаттар сақталуда. Келешек ұрпаққа, зерттеушілерге, мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында мәліметтер беріліп, тақырыптық көрмелер өткізіліп отырылады.
 

Тағы да оқыңыз: