Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 20-22 сәуір күндері аралығында Тараз қаласында самбодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
ҚР чемпионатында Қармақшы ауданының спортшысы Ұлтай Сейілова 80 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Сонымен қатар Ұлтай Сейілова Әлем және Азия біріншілігіне жолдама алды. Жаттықтырушысы – Гүлайлым Нұрмаханова.
Орман, дала өрттерінің алдын алу мақсатында өрт-тактикалық жаттығу өтті
Жақында «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-сі, Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, жоспар бойынша Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойындағы тұқымбағының оңтүстік-шығыс жақ бетіндегі 3 гектар бөлігінде орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында өрт-тактикалық жаттығу өткізіліп, күштер мен құралдардың әзірлігі тексерілді.
Оқу-жаттығуға «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің 1-ГАЗ-3308-50 өрт сөндіру автокөлігі, 1-ХТЗ Т-150 тракторы соқасымен, 1-УАЗ «Хантер» автокөлігі, 2-аға өрт сөндіруші, 5-өрт сөндіруші, 3-орман шебері, 9-орманшы, 1 тракторист-машинист, 1 автокөлік жүргізушісі мен өрт сөндіруге арналған құралдары және аудандық № 10 өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері 1 АЦ-5-40 өрт сөндіру автокөлігі және Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінен 2 қызметкер 1 «Ssang Yong Kyron» автокөлігі қатыстырылды.
«Жаттығу мақсаты – орман өртінің алдын алу. Құрметті Қармақшы ауданының тұрғындары мен қонақтары, орман-тоғайды ластамайық,өрт қауіпсіздігін сақтауларыңызды сұраймыз!» дейді Қармақшы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары.

Түнгі рейд жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді
Қармақшы ауданының орталығында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түнгі рейдтік жұмыстар жалғасуда. Рейд жұмыстарын тиісті сала мамандары және жергілікті полиция қызметкерлері жүргізді.Профилактикалық жұмыстар барысында жастар көп шоғырланатын орындар, орталық және шеткі көшелер қамтылды.
«Қармақшы аудандық қоғамдық даму, аудандық полиция бөлімдері мен тиісті сала қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында жасөспірімдер көп шоғырланатын нысандарды аралады. Рейд барысында компьютерлік ойын-сауық орындары, парктер, спорт алаңдары қамтылды. Рейд жұмыстары кезінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі мезгілде қоғамдық орындар мен көшелерде ата-анасыз немесе заңды өкілсіз шектеулі уақытта жүруге тыйым салынғаны жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатындағы арнайы рейдтік топтың жұмыстары алдағы уақытта да ұдайы жүргізілетін болады», дейді сала мамандары.

Республикалық олимпиадада қармақшылық оқушы жеңімпаз атанды
Республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша қорытынды кезеңі өткізілді. Қорытынды кезеңге 7 пән бойынша 29 оқушы қатысып, бақ сынады. Сыр елінің мерейін үстем еткен жеңімпаздар қатарында №274 мектептің 11 сынып оқушысы Даулет Нұрболатов «Қазақстан тарихы» пәні бойынша «Күміс медаль» иегері атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жетекшісі жоғары санатты, тарих пәні мұғалімі Роза Ильясова.
«Сыр елінің мерейін білімдерімен көрсетіп, мәртебелі еткен барлық жеңімпаздарды да жеңістерімен құттықтаймыз, білім шыңында қанаттарыңыз талмай, алар жетістіктеріңіз көбейе берсін!» дейді қарашаңырақтың ұстаздары.

Ауданда сенбілік жұмыстары жалғасуда
Табиғат тазалығы – халық саулығы екенін ескерсек, айнала қоршаған ортамызды, табиғатты таза ұстау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Қармақшы ауданында «Birge – taza Qazaqstan» жалпыреспубликалық акциясы аясында әр сенбі сайын өткізілетін көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары бүгін де барлық кент, ауылдық округ аумағында жалғасты.
Сенбілік жұмыстарына бір кісідей қатысқан барлық мекеме қызметкерлері өздеріне бөлінген аймақтардағы көшелер мен жол жиектерін, арықтар мен әлеуметтік нысандардың айналасын күл-қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
«Барша аудан тұрғындарын айналамызды, өз аумағымызды таза ұстап, туған жерімізді көркейту-көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырамыз!» дейді сенбілікке шыққан көпшілік.

Ардагер спортшы-ұстаз атынан турнир ұйымдастырылды
Қармақшы ауданында Омар Шораяқұлы атындағы №30 мектепте Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері», Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, ардагер ұстаз Еркін Оразбекұлы Атабаевтың жүлдесіне арналған ерлер арасында волейболдан аудандық турнир болып өтті.
Турнирдің ашылу салтанатын Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы ашып, Еркін Оразбекұлының бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеумен қатар, ауданда спорт саласының дамуына қосқан еңбегін атап өтіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталған турнирге Қармақшы ауданы орталығы мен елді мекендердегі мектеп мұғалімдері қатысып, өзара бақ сынасты.

Ауданда баспана кілті табысталды
Қармақшы ауданында республикалық "Харекет" қайырымдылық қоры арқылы 13-ші баспана кілті табысталды. Аудандағы кезекті 911-ші баспана кілті Нұрлан Әбдірамановтың отбасына бұйырды. Бүкіл Қазақстанның қолдауы арқылы, жетімін жылатпаған, жесірін қанғытпаған халықтың арқасында арнайы 911-ші сертификатын,үйдің кілтін Қармақшы ауданындағы "Адина" сауда үйінің басшысы, қайырымдылық шараларына белсенді атсалысатын жеке кәсіпкер Нағима Тиышбекқызы Тоқсанбаева табыстады.
Айта кеткен жөн, қармақшылық еріктілер мұндай игі бастаманың бас-қасынын табылды.

