Kyzylorda-news.kz. Өңірде жыл өткен сайын автокөлік саны артып келеді. Ал автокөлік саны артқан сайын көлік саласындағы қызмет түріде өсетіні де заңдылық. Қазір көлік тізгіндеген кез келген жүргізуші өзінің автокөлігінің сәнді әрі өзгелерден ерекше болғанын қалайды. Әсіресе, жастар шетелдік дизайнды көп үлгі етеді. Мәселен, көліктің сыртқы шанағын қалаған түсіне бояп, соған сәйкес көрік беретін дөңгелек салып, безендіреді. Одан бөлек, ішкі салонын әртүрлі аксессуармен жабдықтап, отырған адам өзін жайлы сезіну үшін жағдай жасайды. Үлкен қалаларда көліктерге осы айтқан қызметтерді көрсететін арнайы орталық сервистер әлдеқашан дамыса, уақыттың көшіне қарай аудандарда да ашылып, жұмыс істеуде. Соның бірі – Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентіндегі DarAuto DETAILING автокөлікке қызмет көрсету сервисі.

Дархан Сәрсенбайұлының дара кәсібі осы жылдың жаз мезгілінде ауқымы кеңейіп, тұтынушыларға сапалы жұмысын бастапты. 2016 жылы кәсібін тек автокөлікке аксессуар сататын дүкеннен бастаған ол, кейін өз қаражатын жинап үлкен қызмет орталығына айналдырған. Енді кенттегі көлік жүргізушілер алысқа бармай-ақ, осында көлігіне қажетті қызмет түрлерін ала алады.

Мәселен, көліктің терезесіне күн сәулесінен қорғайтын қаптырма жабыстыру, ішкі салонын химиялық тазалау, дабылқаққыш орнату, көліктің жарық шамын тазалау, аяқтың астына «EVA» моделді төсеніш тігу секілді қызмет түрлері ұсынылуда.

«Орталықта 6 қызметкер бар. Әрқайсысы өзіне бекітілген жұмысын істейді. Бокстың сыйымдылығы әзірге 3 көлікке дейін қабылдай алады. Алдағы уақытта ішін кеңейтпек ниетім бар. Тіпті құрылысын бастап та кеттік. Бұйырса мұнда қызмет түрлері көбейетін болады. Үлкен қалаларда көлігіңді көрсетуге немесе ішін тазалатуға апарсаң қызметкерлеріне сенімді тапсыра аласың. Жүргізушіге барлық жағдай жасалынған, арнайы күту залында демалып, мәшинеңді тосасың. Осыдан кейін маған да неге өз ауылымнан осындай орталық ашпасқа деген ой келді. Сөйтіп қаражат жинап, дүкеніме қосымша ретінде қызмет түрлерін толықтырдым. Қазір мұндағы барлық жұмыс мен ойлағандай жүріп жатыр. Тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетілуде», – дейді кәсіпкер.

Дүкенде көлікке қажетті заманауи үлгідегі аксессуар заттардың барлығы бар. Сондай-ақ, аяқтың астына «EVA» төсеніш тігетін бөлме де қарастырылған. Көлігіңіздің маркасына қарай тапсырыс берген төсеніштер осында өлшеніп пішіліп, тігіледі.

«EVA төсеніш – қазір трендтегі сәнді төсеніштердің бірі. Себебі аяқ киімнің табанынан түскен топырақ жан-жағына шашырамай арнайы тесіктерге жиналады. Қазір жастардың көбі түр түсін таңдап, осыған тапсырыс береді. Біз оны өлшеп алғаннан кейін бір күнде дайындап береміз. Бағасы қолжетімді. Бастапқыда барлық тапсырысты жинап, басқа қалада жасатып отырдық. Кейін арнайы тігін мәшинесін алып өзімізде тіге бастадық. Шикізатты Ақтөбе, Орал қаласынан алдыртамыз. Алдағы уақытта көліктің орындығына қап тігетін, одан бөлек басқа да керекті құрылғылар алу жоспарда бар», – дейді сервис орталығының қызметкері.

Жалпы, Қармақшы ауданында кәсіпкерлікке бетбұрған жастар қатары артуда. Тынымсыз тіршіліктің арқасында өз ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкер, келешекте мемлекеттен қаржылай қолдау тауып жатса, орталық көкжейегін кеңейтуді жоспарлар отыр екен. 
 

1659693630_darhan3.jpg

Тағы да оқыңыз: