Kyzylorda-news.kz. Бұл өмірде ешкім мұқтаждықты, зәру болуды қаламайтыны белгілі. Әйтсе де қоғамда түрлі тағдыр бар. Өзгеге қол ұшын созып көмектесу қанымызда бар қасиет. Қиналғанды демеп, жақыны болмаса да жанашырлыққа асыққан жастардың күн сайын қатары артып келе жатқаны көңіл қуантады. Сыр өңірінде қайрымдылық шарасына ерікті түрде атсалысатын волонтерлер мен ұйымдар қатары артып келеді. Атап айтар болсақ, облыста ресми түрде 2 126 волонтер тіркелген. Сондай-ақ 30-ға жуық волонтерлік топ бар.
Қайырымды болу – рухани дүниемізді жақсартып қана қоймай, әлемді де жақсы жағына қарай өзгерте алады десек, волонтерлердің ерекше ісі осыған дәлел. Қиын сәтте қайырымдылығын аямаған, бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген жалынды жастар жақында Жаңақорған ауданында бас қосты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Birgemiz» волонтерлер слеті өтті. Іс-шара барысында «Birgemiz» волонтерлер, республикалық Фронт офисінің өкілі, тренер Айбек Досымбековтің тәлімгерлігімен жас волонтерлерге шеберлік сағаты өткізіліп, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар 120 қатысушы 5 топқа бөлініп, ұлттық спорт сайыстарынан бақ сынасты. Сайыста жүлделі орын иеленген командалар марапат төрінен көрінді.
Слет бағдарламасы негізінде түрлі іс-шаралар, пленарлы отырысы жүргізілді. Мұнда жастар бір-бірімен тәжірибе алмасуға, волонтерлікке деген қызығушылығын арттыруға, жаңа мүмкіндіктер туралы ой қозғады. «Аймақтағы волонтерларды ынталандыру және адвокация негіздері» пленарлы отырысында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы аймақ үздіктерін марапаттады. Үздіктер қатарында Қармақшы ауданындағы «Қасиетті Қармақшым» қайырымдылық қоры «Үздік волонтерлік ұйым» номинациясымен марапатталды.
Шара қонақтары ерікті жандардың игі бастамаларының сәтті жүзеге асуына, ел дамуы жолында адал қызмет ете беретініне сенім білдірді. Айта кетейік, еріктілерге қолдау білдіру, игі істерін насихаттау жыл көлемінде жалғасатын болады.