Kyzylorda-news.kz Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді көргенде, кейде олардыкі таза жалқаулық па деп те қаламыз. Әйтпесе, еңбек етемін, табыс табамын дегенге жұмыс көп қой. Асырып айтқанымыз емес, жеке кәсіпкерлердегі жұмысқа көбінесе адам тұрақтамай, жиі ауысып жататынын да естиміз. Бәлкім, оның да түрлі себебі болар. Дегенмен бұл пайым біздің бүгінгі кейіпкерімізге мүлде қайшы келеді. Бұған Жосалы кентінің тұрғыны, отбасында өнегелі ана, ұжымында сыйлы әріптес – Балхия Унгайбаева сөзімізге дәлел бола алады. Ол жеке кәсіпкер «Мағжан» дүкендер желісінің иесі, ауданға белгілі кәсіпкер Рабиға Балғабаеваның қарамағына осыдан 29 жыл бұрын жұмысқа қабылданып, қазірге дейін абыроймен қызмет етіп келеді. Содан беріде еңбекке адалдығы мен ұқыптылығының, тазалығының арқасында қарапайым сатушылықтан бастап дүкендер желісінің іс басқарушысы қызметіне дейін көтеріліп отыр.
Адалдықтың жанына серік еткен Балхия Маханбетқызы Қарақалпақ елінің Төрткүл ауданында дүниеге келген. Кезінде әкесі Маханбет те, анасы Ұрхия да сауда саласының білікті маманы болған. Бірі – ревизор болса, бірі – дүкенде сатушылық еткен. Отбасы тарихи отанына, яғни Жосалы кентіне 1978 жылы қоныс аударып, көшіп келген. Сол уақытта 7-сыныпта оқитын жас өрім орталықтағы №27 мектептен 10 жылдықты бітіргені туралы аттестат алып шығады. Одан соң Қызылодадағы кооператив училищесіне оқуға түсіп, оны «Сатушы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Жас қыздың еңбек жолы аудандық «Қармақшы таңы» газетіне қарасты типографияда басталады. Одан соң газет сатумен айналысатын «Союзпечать» дүңгіршегінде жұмыс істесе, 1987 жылы мамандығымен аудандық тұтынушылар одағына сатушы болып жұмысқа кіреді. Адам өмірінің бір асуы – қыз бала үшін тұрмыс құрып, бақытын табу болса, Балхияның да өмірлік серігі кездесіп, 1991 жылы жосалылық Нұрболат Елемесов атты жігітпен бас құрап, шаңырақ көтереді. Араға 3-4 жыл салып жас ана, кәсіпкер Рабиға Балғабаеваның қарамағына жұмысқа алынады.
«Мекемелер жабылып қалып, өзім де, жолдасым да жұмыссыз қалдық. Жас отбасымыз, балаларымыз бар. Оларды асырау керек. Сол кезде нан, сабын талонмен беріліп, қиын уақыт орын алды. Оның қиыншылығын біз де таттық. Ана-анам сауда саласының қызметкерлері болғасын, олардың жұмысын бала кезден көріп өстік. Жатсынбай, бірден сатушылыққа ден қойып кеткенім де соның жемісі болар. Оған қоса, тіршілік те керек болды. Жалпы жұмысым өзіме ұнайды. Сатушылықта кәсіпкердің саудасын болдырғым келді, жақсы жағынан көрінуге тырыстым. Бар ынтаммен, ықыласыммен жұмыс істедім. Тіпті беріліп кететінім сондай, кей күндері балаларымды да ұмытып кететін кездер болды. Апаймен сыйластығымыз жақсы. Соның нәтижесінде осы кезге дейін бірге келеміз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Туған әпкемдей болып кеткен. Оның адамгершілік қасиеті бір төбе. Қыздарым тұрмысқа шыққанда да, оқуға түскенде де көмегін аямады, жомарттығы да жетерлік. Ақылын айтады, жаймен түсіндіреді. Осындай кісімен жұмыс істеу өзіме құрмет. Жан-жақтан жұмыс табылып жататын. Бұл жерде жұмыс көп болғанмен, адамның адамы болады. Бұл ретте апайға ризамын. 30 жыл бірге келеміз. Бірінші өмірге әкеліп, бағып-қаққан ата-анама алғысымды айтсам, келін болып түскен әулеттің де маған берген тәлім-тәрбиесі аз болмады. Осындай өнегелі отбасына келін болғаныма және «Көңіл көңілден су ішеді» дегендей, тұрмысымды тіктеп, ыстық-суығымды бірге көтерісіп келе жатқан өрісті жан Рабиға Жайбергенқызына да айтар алғысым шексіз», – дейді ол.
Осы орайда кәсіпкер ананың да өз айтары бар.
– Балхия Маханбетқызы маған жұмысқа 1995 жылы келді. Ол кез тоқырау заманы еді ғой. Көмектесесіз бе деп, жағдайын айтты. Жолдасы да жұмыстан қысқарып қалған екен. Содан қасыма алып, бірге жұмыс істедік. Алдына зат беріп, базарға қойдым. Қарасам, өзі сондай еңбекқор. Артық сөзі жоқ. Тынбайтын жан. Сол уақыттан бері иықтасып бірге келе жатырмыз. Базарда тұрып сатушы болды. 2013 жылы «Мағжан» кафесінде еңбек етті. Одан соң теміржол вокзалынан дүңгіршек ашып бердім. Онда Айшолпан, Ақтолқын деген қыздары бар. Екеуі де кішкентай. Соларды қасына алып, сауда істеді. Одан кейін Мұстафа Шоқай көшесінен, есіктің алдынан дүкен ашылды. Жаңадан 2 қабатты «Мағжан» сауда орталығының орнында ескі шағын азық-түлік дүкені болған. Сонда сатушы болып бірнеше жыл отырды. Бірде Балхияның «Алматыдан келген бір кісі «Осыдан он жыл бұрын келгенімде дүкенде осы сатушы отыр еді, әлі отыр ғой» деп айтты деп бәрімізді күлдірген. Заттың үстінен пайда көрейін, пайда көріп қалайын деген ойы жоқ. Ісіне адал, таза жұмысы үшін өте құрметтеймін. Күйеуі Нұрболат та жақсы азамат еді, ақкөңіл.
Бір күн демалмай, таңертеңнен түнгі 11-ге дейін жұмыс істеді кезінде. Жаңадан дүкен ашылғанда кассалық аппаратпен жұмыс істелетін болды. Ол болса, құрылғымен жұмыс істей алмайтынын айтты. Бұған дейін жақсы айлық төлеп келгемін. Басқа орындардың айлығы төмендеу. Ренжітпеуге тырысып, мен де алдынан өтіп, жұмыс орнын ауыстырамын десеңіз, рұқсатымды беремін, дедім. Ол да «Апа, ешқайда бармаймын, қандай жұмыс берсеңіз де істеуге бармын. Осы жерден зейнетке шығамын, Алла қаласа» деді. Сөзіне қатты риза болдым. Сол пейіліне 2015 жылдан бастап «Мағжан» дүкені ұжымының бірінші іс басқарушысы етіп тағайындадым. Дүкендердің барлық шаруасын, оның ішінде қаржылық, ұйымдастырушылық жұмыстары бар, бәрін сеніп тапсырғанмын. Қолынан келгенше аянбай жұмыс істейді, мен де одан аянбаймын, кез келген кезде көмегімді беруге даярмын. Жақсы көремін. Келешекте бірге қартайып, бірге шай ішіп отыратын сырласым әрі досым болады деп ойлаймын. Осындай адамгершілігі мол жанның қасында арқамды кеңге салып жүремін. Баларым да оны "тәтелеп" отырады. Екінші анасындай көріп кеткен. Отбасымыздың да, ұжымның алдында беделді. Сол адалдығының арқасы деп білемін, қыздары жақсы жерге келін болып түсті. Бір-бір отбасының ұйытқысы қазір.
«Адамға керегі бір ауыз жылы сөз ғой» деп, ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев айтқандай, Мағжан баламның есіне саламын, Балхия тәтең алда зәйнет демалысына шығады. Мен кейбір нәрсені ұмытып қалатын болсам, сен зйнеткер болғанда да сол тәтеңді құрметтейсің. Қонақ ретінде шақыруды ұмытпайсың. Қолыңнан келген көмегіңді бересің, деп тапсырып отырамын. Өзім де қай жерде болсын оны елеп, қызметіне сай құрмет көрсетуге тырысамын. Осындай сыйластығымыз ұзағынан болса екен деп, тілеймін. Биыл Балхия келінім мерейлі 60 жасқа толып отыр. Осы мерейтойы құтты болсын. Ұрпағының қызық-қуанышын көріп, әркез жүзі жарқырап, жайнап жүрсін. Зор денсаулықта, бақытты да ұзақ ғұмыр кешуіне тілекшімін, – дейді белгілі кәсіпкер Рабиға Жайбергенқызы жылы лебізін жеткізіп.
