Kyzylorda-news.kz Қармақшы аудандық Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде аудандық ардагерлер Кеңесінің кезекті ІІ пленумы өтті. Іс-шараға Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Шәкизат Төребаев, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Жүзбай Ибрагимұлы және аудандық бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, мекеме басшылары қатысты.
Пленумда аудан басшысы қасиетті Рамазан айы мен Наурыз мерекесімен құттықтап, өткен жылдың жетістіктері мен алдағы міндеттерді атап өтті.
– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Біз соңғы жылдары аға буынның еселі еңбек жолы мен ғибратты ғұмырын жастарға үлгі етіп, лайықты құрмет көрсетуді жақсы дәстүрге айналдырдық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Қай кезде де өткеннен өнеге алып, бүгінмен өмір сүріп, келешекке қызмет етуді парыз санаймыз. Жыл сайын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өркендеп, өсіп келеді. Былтыр ауданда біршама ауқымды жұмыстар атқарылса, биыл да қолға алған міндеттер жалғасын табатын болады. Елдің ұйытқысы болып отырған сіздердің орындарыңыз біз үшін маңызды. Ардагерлер – халықтың үні, биліктің кеңесшісі, қоғамда туындаған түйткілді мәселелердің сарапшысы. Сіздер мемлекеттік бастамаларға қолдау білдіріп, саяси реформалардың жүзеге асуына атсалысады деп сенемін, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер ұйымы – Үкімет пен халықтың арасын байланыстыратын звенолардың бірі» деп айтқан-ды. Осы тұста аға буын өкілдері Президенттің бастамаларына қолдау білдіріп, халық бірлігін, қоғам тұтастығын түсіндіру мен насихаттау жұмыстарына белсене араласып жүр. Түйіткілді мәселелерді шешуде зор үлес қосып отырған ардагерлер ұйымының азаматтық қоғам секторында алатын орны ерекше.
Дәстүрлі түрде жыл басында өткен жылды қорытындылап, ардагерлер ұйымының жұмысын одан әрі жандандыру бағытында жаңа міндеттер қойылған. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ұйымның өткен жылы атқарған жұмысына баяндама жасады.
Ардагерлер ұйымы өзге өңірлердегідей аудан халқының, мәдени-тұрмысын жақсарту мен түрлі әлеуметтік топтардың әлеуетін көтеруде көптеген игі іс атқарып келеді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жасап жатқан жұмысынан елдегі экономикалық және саяси жүйенің жаңа арнаға бет бұрғанын сезініп отырмыз. Аудандық ардагерлер кеңесі былтыр елеулі жұмыстарды атқарды. Бала біздің болашағымыз дейтін болсақ аудандық білім бөлімімен тығыз жұмыс жасадық. Өткен жылы 17 рет мектептерде іс-шараларға қатыстық. Мамандық таңдау, жас өспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-аналар жиналысына қатысып, ақыл-кеңесімізді айттық. Ардагерлеріміз полиция қызметкерлері, ұстаздармен бірге кезекшілікке шығып, құқықбұзушылықтың алдын алуға өз үлестерін қосты. Осы жылы аудандық білім бөлімен меморандумға отырып, бұл жұмыстар біздің негізгі бағытымыздың бірі болады.
Бүгінгі күннің ардагерлері кемел келешегіне сенген, баянды болашақ жолында осы жаңа толқынмен бірге болатын, қоғамда орын алып жататын түрлі кертартпалық пен кемшіліктерге бей-жай қарамай дұрыс жол сілтеп отыратын, жандармыз деп ойлаймын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Мұнан соң ауданның зиялы ардагерлері Қаршыға Есдәулетов, Әмидулла Нағыметұлы, Дәмелі Жалғасбаева, Жарылқасын Ноғайұлы, Жұпаркүл Рысқұлбекқызы баяндаманы талқылау бойынша сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.
Жиын соңында өңірдегі ардагерлер қозғалысының жұмысын ілгерілетуде, ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ардагер облыстық және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
