Kyzylorda-news.kz. 28 сәуір – жедел жәрдем қызметкерлерінің төл мерекесі. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі көмектің бірі – жедел жәрдем қызметі. Қоңырау шалып, дертіне шипа сұраған науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету де осы мекеме қызметтің басты міндеті. 

Бүгін осы жауапты да маңызды жұмысты абыроймен атқарып жүрген ақ халаттылар күні. Қармақшы аудандық орталық ауруханасына қарасты арнайы кезек күттірмейтін жедел жәрдем бригадасының құрылғанына 5 жылдан астам уақыт болды. Мұндағы қызметкерлер күніне 30-ға жуық шақыртулар қабылдайды. Жалпы, бұл міндеттің жауапкершілігі өте зор. «Емхана жанындағы кезек күттірмейтін жедел жәрдем бөлімі» құрамында 1бөлім меңгерушісі, 5 фельдшер, 5 шақыртуды қабылдау мейіргері, 5 санитарлық автокөлік жүргізушісі жұмыс жасайды. Бүгінде бөлімге тәжірибесі мол дәрігер Жасұлан Көкеев меңгерушілік етеді. Ол күнделікті қызметкерлердің жұмысын бағамдап, тиісті тапсырмалардың орындалуын қадағалайды. 

Жасұлан Махсұтұлы 1988 жылы 21 қарашада Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. №250 мектеп-лицейде білім алды. Спортқа деген қызығушылығы басым болып, футболдан Қармақшы құрамасымен көптеген жеңістерге жетеді. 2004-2008 жылдар аралығында Қызылорда медицина колледжін бітіріп, 2008 жылы Қармашы аудандық жедел-жәрдем бөліміне фельдшер болып қызмет атқарған. 2009-2014 жылдары Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алады. 2008 жылы Құралай есімді қызбен шаңырақ көтеріп қазіргі таңда 2 қыз, 2ұл тәрбилеп отырған бақытты әке. Адал еңбегінің арқасында республикалық, облыстық, аудандық марапаттарға ие болған.

Бөлімнің жұмыс уақыты таңғы  сағат 8.00-де кезекшілікті қабылдаумен басталып, кешкі кезекшілікті сағат 17.00-де жедел медициналық көмек бөлімшесінің фельдшерінің өзара кезекшілікті қабылдауымен жалғасады.Бөлімшенің қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №225/2020 «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы бойынша жүргізіледі. 

Бөлімшеге түсетін шақыртулар жоғарыда көрсетілген бұйрық бойынша 4-жеделділік сағатындағы шақыртуларға барады. 4 (төртінші) жеделділік санатындағы шақырту дегеніміз – жедел немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі. 4-жеделділік санатының шақыртулары келіп түскен кезде «Жедел медициналық көмек бөлімі» диспетчері автоматты басқару жүйесі арқылы шақыртуларды қабылдап, жедел медициналық көмек бөлімшесінің фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына беріледі. 

Емхана жанындағы жедел жәрдем бөлімшесі электрокардиография, дефибриллятор, портативтный кислород, небулайзер аппатараттарымен қамтылған. Шақырту барысында науқасқа көмек көрсетуге арналған дәрілермен қамтылған.Кезек күттірмейтін жедел жәрдем бөлімі науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қаупі жоқ жіті аурулардан немесе созылмалы аурулардың өршуінен туындаған жағдайларға, яғни 4-санатты шақырыстарға көмек көрсетеді. Мейіргер Гүлшат Тәтішова жедел жәрдем топтарын жедел көмекке зәру науқастарға ыждағатты түрде жіберіп, жұмыс барысын бағдарлап отыратын диспетчерлік қызметтің тізгінін ұстаған маман.

Жедел жәрдем дәрігері немесе фельдшер маманы болу дегеніміз, яғни, тәуліктің кез келген уақытында, кез келген ауа-райында, кез келген көңіл-күйде және жеке бастың ешқандай да жағдайына қарамастан, пациентттің шақыртуына бару. Кезек күттірмейтін жедел жәрдем бөлімі бойынша ауданымызда қызмет ететін 5 фельдшердің ең жасы, белсенді, халыққа адал қызмет етіп жүрген жандардың бірі Дания Бижанова.

Тағы да оқыңыз: