Kyzylorda-news.kz. «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген еді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Шыны сол, аудан жастарының белсенділігі көңіл серпілтеді.
Аудан аумағында жастардың достық қарым-қатынасын ұлғайту, жастардың уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру, қоғамның әлсіз топқа деген мейрімділігін көрсете отырып, қоғамдағы теңдікті сақтау, өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні бар құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі емес діни жат ағымдарға жастардың, жұмыссыздардың тартылуының алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Олардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында жиі спорттық, мәдени іс-шаралар мен акция, форумдар өткізіліп тұрады. Жастардың патриоттық сезімдерін ояту аясында да үздіксіз арнаулы іс-шаралар жүргізіліп отырады. Ерікті болып, жақсылықта жарысып та жүр. Иә, «Жас келсе, іске», «Әрбір жастық шақ жүйріктікке толы» деген секілді тәмсілдер бекер айтылмаса керекті. Әрдайым болашақтың тұтқасын ұстап, кемел келешектің жаңашыл бастауы болатын – осы жастар.
Көпшілікті толғандыратын мәселе бар. Аудандағы жастардың жайы қалай? Олар нендей жұмыспен айналысуда? Сауалға жауап іздеп аудандық Жастар үйіне ат басын тіредік. Нәтиже де көңіл қуантады. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, бүгінде орталыққа Нұржұман Пірназаров басшылық етеді.
Жалпы ауданда жалпы халық саны 52500 болса, оның ішінде 14-35 аралығында 16622 жасты құрап, 4025 жасқа ұлғайып жалпы халықтың 31,9% құрап отыр. Оның ішінде 18-34 жас аралығындағы жастардың саны – 12976.
«Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша әртүрлі бағытта 45 шара ұйымдастырылып 1500 нан аса жас қамтылған болатын. 2022 жылдың қазан айынан бастап Жастар орталығының бейресми атауын «QADAM» жастар ресурстық орталығы деп өзгерттік. Мақсаты – жастардың барлық жаңа, тың, алғашқы қадамдарына осы жастар орталығы себепші болсын деген ниетпен жасалды. Қазіргі уақытта орталық Qadam kenes, Qadam qamqоr, Qadam qoldau жобаларын іске асырылып келеді. Бұл үш бағыт бойынша да біз жастарға жан-жақты кеңес беру, сонымен қоса волонтерлік жұмыстарды қалыптастырамыз. Жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру бойынша да әртүрлі бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алдыға қойған мақсатымыздың бірі – аудан жастарын шағын гранттарға қатыстыру. Республикалық, облыстық, аудандық гранттарға көбірек қатыстырып, кәсіп ашуына ықпал жасау. Қармақшы киелі мекен болғандықтан, аға буын өкілдері мен жастар арасындағы байланыс орнату негізгі мақсатымыздың бірі. Осы байланыс арқылы жастарды еңбекке баулу, патриоттыққа тәрбиелеу. Сонымен қоса жас отбасыларға өнегелі отбасыларды дәріптеп, сыйластықты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп отырады», дейді орталық басшысы Нұржұман Пірназаров.
Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші. Олар өзіндік күш-жігерімен, тың идеясымен болашақтың тұтқасы болып келеді. Біз білетін қазақтың батыры, ақыны, жазушысы да жастайынан әлемге танылды. Олардың арасында ерікті түрде көмек көрсететін белсенді жастардың қатары да артып келеді. Қазіргі таңда ауданда 300 жас ерікті болып тіркелген.Жосалы кенті бойынша 3 еріктілер тобы жұмыс жасайды олар: «Qasietti Qarmaqsmym» еріктілер тобы (140 жас), «Харекет» қоры филиалы (20 жас), автоволонтерлар (15 жас). Төретам кенті және ауылдық округтер – (135 жас).
Жастар арасындағы тәртіп те тұрақты түрде бақылануда. Қаңтар-наурыз айлары аралығында көше мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың, сондай ақ адам өмірі мен денсаулығына қол сұғушылықтың алдын алу бағытында аудан әкімдігінің бөлімдері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері бірлесескен топ құрылып, түнгі 21.00 – 01.00 аралығында рейдтік іс шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ пробация есебіндегі жастармен жұмыс та үздіксіз жүргізіліп келеді.
«Ашығын айту керек қой. Жас буынды желдетіп тұрған әлеуметтік желі. Уақытын сонымен өлтіріп жатады. Әлеуметтік желіден көрген дүниесін өмірде қайталағысы келеді. Бірден жетістікке жетуді қалайды. Осы желіден көріп алған соң бәсекеге қабілетті бола ма?! Ойлап қараңызшы. Алдыңғы буын айтып жатады ғой маңдай термен еңбек еттік, мақта теріп, күріш ектік деген секілді. Жастар да осы сияқты еңбекпен өсетін болса, ол кезде барлығына дайын болады. Жастардың потенциалы жаман емес. Дей тұра жастарға мүмкіндік өте көп. Бұрын потенциал көп, мүмкіндік аз болса, қазір керісінше мүмкіндік көп, потенциал аздау болып тұр. Яғни жастардың еңбекке бейімділігі төмен», дейді орталық директоры.
Ауданымызда 2023 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 18-34 жас аралығында 21 жас бар. Осы жылдың қаңтар айында аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық пробация қызметі арасындағы өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілуде. Сонымен қатар І тоқсан қортындысы бойынша 4 спорттық шара (ұлттық спорт ойындары), дәстүрлі дін бағытында – 1 кездесу, психологиялық кеңес беру бойынша – 1 кездесу шаралары ұйымдастырылды.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігінен халықтың әлеуметтік статусын құру бойынша ортақ база қалыптастыру мақсатында облыс және аудандар бойынша тізім жіберілген болатын. Атап айтқанда Қармақшы ауданы бойынша аудан бойынша (министірліктен келген тізім) NEET санатындағы 930 жастың тізімі нақтыланып жанжақты зерттелген болатын. Жоғары оқу студенттері – 25, Колледж студентері – 6, Үй шаруасындағылар – 106, Тіркеу орнында тұрмайтыны – 92, Бейресми – 275, Тіркелмеген жұмыссыздар – 93, Қазақстан Республикасы шегінен тыс кеткен – 30, Бас бостандығынан айырылғандар – 1, Статус анықталмаған – 24, Тіркелмеген ЖК – 30, Әскердегі – 1, 35 жастан асқандар – 44, Мүмкіндігі шектеулі – 1, Жұмыстағылар – 202 жас анықталды.
Орталық мамандарының айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар насихаттау және орталықтың қызметтері бойынша консультациялар бойынша аудандық «Qadam» жастар ресурстық орталығына тікелей келіп кеңес алған 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 400. Оның ішінде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша – 10 жас, кәсіпкерлік бағыты – 30 жас, тенис үйірмесіне келушілер – 50 жас, дебат ойындары бойынша – 35 жас, тікелей эфир – 215, «Игротека» жобасы бойынша – 60 жас. Мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында насихаттау мақсатында 25 кездесу өткізілді.
16-34 жас аралығындағы аудан жастарын маусымдық жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламаның «Жасыл ел» жобасы бойынша жұмыстар жүзеге асырылды. Жалпы мамыр-тамыз айлары аралығында 200 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
«Орталыққа келгеніме жарты жылдан асып кетті. Біршама өзгерістер орын алып жатыр. Оны жастардың өзі де бақылап, байқап жүр. Халық та өз бағасын беріп жатыр. Келесі жылы жоғарыда айтып кеткен бағыттар бойынша Qadam kenes, Qadam qamqоr, Qadam quqyq жобалары негізінде жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Сонымен қоса «Көшбасшылар мектебін» ашу жоспарда бар. Ауданда белгілі бір жастардың көшбасшысын қалыптастыру керек. Яғни имидж деп айтып жатамыз ғой. Жаңа көшбасшылар шығу керек. Алдағы уақытта осы бағыт негізінде жұмыс істейміз. Мұнан бөлек мемлекеттің жастарға беріп жатқан мол мүмкіндігін пайдаланып, оларды жан-жақты дамыту. Оқыту курстары да көбейетін болады. SMM, мобилография, осы секілді өзге де салалар бойынша оқыту жоспарлануда. Ал аға буынмен, үлгілі отбасылармен кездесу, психологиялық кеңестер беру, пробациялық есепте тұрған жастармен жиналыс үздіксіз жүргізіліп тұрады» дейді ол.
Жастар ресурстық орталығының атқарылған жұмыстары орталықтың әлеуметтік парақшаларында тұрақты жарияланып отырады. Фейсбук әлейметтік желісінде барлығы 69 материал жарық көрген. Оның ішінде іс-шараны ақпараттандыру бойынша – 80, ақпараттық-танымдық материалдар –71, видеоролик – 37, тікелей эфир – 10. Оқырмандар саны – 2830.
Инстаграм әлеуметтік желісі бойынша барлығы 66 материал жарық көрген. Оның ішінде іс-шараны ақпараттандыру – 75, ақпараттық-танымдық материалдар – 66, видеоролик – 37, тікелей эфир – 10. Оқырмандар саны – 2713.
