Kyzylorda-news.kz. Қармақшы – еңбек пен өнерде қатар аты шыққан өңір. Қорқыт баба мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен. Аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан күллі түркі жұртының ұлық тұлғасына айналған Қорқыт ата атындағы мемориалды кешені тек қана өңірдің ғана емес, сондай-ақ ол Қазақ елінің мақтанышы. Қабырғасы сонау 1980-жылдардың басында қаланған кешен басында қай кезде де қонақ аяғы үзілмейді.
Бұған дейін елімізде өткен EXPO-2017 көрмесі кезінде туризм саласының өркендеуіне негіз қалайтын жарқын жобалар қолға алынғаны белгілі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалды кешені – соның айқын көрінісі. Сол жылы кешен қайта жаңғыртылып, шетелдік қонақтарды қабылдайтын негізгі орын санатына енгізілген болды. Осы арқылы Сыр өңірінің мәдени, тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды. Қазір күрежолдың бойында орналасқан кешен жолаушылардың аялдайтын қасиетті мекен саналады. Бұл аумаққа ат басын бұрған жандардың жайлы демалысына жағдай жасауға да көңіл бөлініп келеді. Осы арқылы туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік жасалуда.
Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түпкір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде. Түгел түркі әлемі кие тұтатын Қорқыт атамыздың мәңгілік мекеніне айналған тарихи маңызға ие – Қорқыт ата кешені сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Архитектуралық кескіні ерекше кешен келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз. Кешендегі басты ескерткіш стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әртарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Жалпы кешенге жыл сайын келетін туристердің саны артуда. Мұнда қасиетті мекеннің құдіреттілігін сезінуге асығатындарға барлық қажетті жағдай жасалған. Соның нәтижесінде өңірде ішкі туризмнің дамуына жол ашылған деуімізге болады.
Бүгінде кешенде жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Сол сияқты кешеннің қарсы бетіндегі жеке кәсіпкердің меншігіндегі кәсіптік мақсатта ашылған зиярат ету орталығы да талапқа сай қызмет етуде. Кешеннің инфрақұрылымы да шешімін тапқан. Дариядан құбыр арқылы ауызсу тартылып тұр. Көркейту-көгалдандыру, жарықтандыру мәселесінде де түйткіл жоқ дейді кешендегі мамандар.
Кешен басшысының айтуынша, көптен күрделі жөндеу көрмеген нысанға жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыруға мәжбүр. Толық жөндеу жұмыстары сөз болғанымен, әлі күнге жүзеге аспай тұрса керек. Жалпы, музейде 3 000-ға жуық экспонат бар екен. Оның 2 000-ға жуығы негізгі қорда болса, қалған бөлігі көмекші қорда сақтаулы. Бұл экспонаттардың басым бөлігі Қорқыт атаның өмір тарихы негізінде жинақталса, қалғаны Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың мұраларымен толықтырылған. Қазір кешенді көруге келетіндер өзіміздің қазақстандық азаматтар. Ара-тұра шетелдік туристер де табан тіреп тұрады. Кешен басшысы шетелдік туристерді тарту жұмыстары әлі де күшейтуге шақырады.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта, Қармақшы ауданы арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізінің бөлігінде 14 нысан жұмыс жасап тұр.Қармақшы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан, аудан бойынша туризм саласында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда: «Маргарита», «Керуен» жол бойы қызмет көрсету кешендері ашылса, «Оазис» жол бойы кешенінен қонақ үй құрылысы, «Ақсарай» жол бойы кешенінде сауда орталығының құрылысы және халықаралық көлік дәлізінің 1570 шақырымынан «Helios» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Д» санатындағы кешені құрылыстары аяқталып халыққа қызмет жасауда. Сондай-ақ, санитарлық-гигиеналық торап жылдың соңына дейінгі мерзімде пайдалануға беруді жоспарлап отыр.Сонымен қатар, ауданда Qarmaqshy Demeu Travel туристік агенті Кең байтақ қазақ жерінің тамылжыған табиғаты, терең тарихтан сыр шертетін мәдени мұраларымен танысуға Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларындағы туристтік орындарға қысқа мерзімді турлар ұйымдастырылып келеді.
