Kyzylorda-news.kz. Сырлы сандар әлеміне саяхат. Иә, бұл статистика мамандарының күнделікті жұмыстары болғанымен, біз сияқты қарапайым адамдарға нағыз саяхат. Олай дейтініміз, ауданның бүкіл тыныс-тіршілігі, ауыл шаруашылығы, дәнді-дақылдардың өнімділігі, тұрғындардың хал-ахуалы, тұрмыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, шаруа қожалықтары және кәсіпкерлік тағы да толып жатқан санмен байланысты нақты мәліметті тек осы статистика басқармасынан ала алатынымызға көзіміз жетті. Әрі, сандар бір орында тұрақтап тұрмайды. Олар күнде ауысады. Бірде кемиді, бірде толысады. Бірақ қателесуге болмайды. Есеппен дос болмасаң, саған статистика басқармасында орын жоқ.
Аудандық статистика жылдан бастап басшылық қызметте отырған Кенжебек Таңбаев та бұл тұжырымымызды мақұлдар. Сандарды сөйлететін саланың мерейлі мерекесі қарсаңында басқарма басшысына хабарластық. Мақсатымыз – тұрғындарды аудан статистикасымен аз-кем таныстыру.
– Әр айдың бірінен бастап, ай сайын түрлі есеп жинаймыз. Мамандарымыз әр сала бойынша барлық есепті жинайды. Каталогпен тіркеп отырамыз, әрбіріне код беріледі. Онда өлім, туылу, қосылу, ажырасу туралы акт жазбаларының есебі жүргізіледі, – деп әңгімесін бастаған статистика басқармасының басшысы жұмыс жайымен толық таныстырып, өткенге де шегініс жасады.
– Тарихқа үңілсек, ауданда статистика органы 1932 жылы құрылған. Ол кездегі мекеме аты халық шаруашылығын жүргізетін инспекция болған. 1941 жылы осы инспекция КСРО мемлекеттік жоспарлау бөлімінің құрамында болған. Ал 1948 жылы аталған жоспарлау бөлімінен бөлініп шығып, Министрлер Советіне қарасты Орталық статистика басқармасы болып қайта құрылған, сол кезде аудандарға инспектор штаттары берілген. 1950 жылы колхоздастыру кезінде жұмыстардың, есеп-қисаптардың басым көпшілігін осы 4 адам атқарған. Техника мен есептейтін құрал болмаған. Тек, 1954 жылы ғана алғаш рет печаттайтын машинкалар шыға бастаған. 1963 жылы Қармақшы мен Жалағаш аудандары біріктіріліп, аудандық басқарма, аймақтық инспектура болып қайта құрылған, штат саны 15 адамға жетсе, екі жылдан кейін қайтадан бөлініп шыққан. 1977-1987 жылдары аудандық есептеу станциясы болып қайта құрылды. Штат саны 36 адамға жетті. 1988 жылдан аудандық статистика бөлімі болып, 2009 жылдан бері аудандық статистика басқармасы болып жұмыс атқарып келеді, – дейді басқарма басшысы.
Бүгінде басқармаға 13 жылдан бері Кенжебек Ерманұлы басшылық етеді. Еңбек жолын ауданға қарасты Қармақшы ауылында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып бастаған ол құрылыс саласының мастері, автогараж механигі, сол ауылдың салық инспекторы, ауыл әкімдігінде маман, кейіннен сол ауылдың әкімі қызметтерін абыроймен атқарған. Кейіннен ауданның статистика бөлімінде жетекші маман болса, қазір білікті басшы. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны үшін облыс және аудан әкімдерінің құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапатталған. 2007 жылы бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындылары бойынша «Ауыл шаруашылығы санағының үздігі», «Статистика саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Аяулы жарымен бес перзент тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты азамат.
Қызметіне жауапты, қай саланың болмасын экономика мен есебін бірден іліп әкететін біліктілігінің арқасында таудай жауапкершілікті арқалап жүрген ол іштегі жұмысты да ұтымды ұйымдастыра біледі. Жалпы қызметкерлеріне айтар алғысы да шексіз. Негізінен, статистика органдары экономика, әлеуметтік және демографиялық индикатор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі сала бойынша халықаралық талаптарға сай объективті және толық мәлімет бере алады. Сондықтан бір қызметкердің барлық саланы қамтуы мүмкін емес, әрқайсысына жауапты маман бар.
– Кез келген салада бір нақты сан айтпастан бұрын статистиканың берген мәліметіне жүгінеді. Сондықтан жұмысымыз өте жауапты. Жауапты қызметтің жүгін тек өз ісіне жауапты қызметкерлер ғана арқалай алары сөзсіз. Қазір аудандық статистика бөлімінде 3 мемлекеттік қызметкер бар. 2 қызметкер келісім шарт бойынша жұмыс істейді. Биыл оңтайландыру негізінде Байқоңыр қаласының статистика бөлімі таратылып ауданның статистика бөліміне қосылды. Қай салада болмасын бүгінгі күні сапалы кадр мәселесі өршіп тұрғаны жасырын емес. Жай ғана жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді, сол таңдаған мамандығыңды қызығушылықпен, сүйсіне орындау – нағыз қызметкердің ұстанымы. Бізде де ондай мамандар баршылық, – дейді Кенжебек Ерманұлы.
Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі, кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі сала мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді. Тіпті, оны басқа да ғалымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз.
