Kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерлік саласын дамыту – жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономиканың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың, әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр.

Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Бұл ретте жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету белгіленді. Бюджетіміздің толығуына өзіндік үлесін қосып отырған ауылдағы кәсіпкерлердің бүгінгі аяқ алысы қандай?

Соңғы уақытта қанатын кеңге жайып келе жатқан жаһандану дәуірі күн санап бізге ауылды сақтау – ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухты сақтаудың бірден-бір жолы екенін нақты ұғындыра бастағандай. Сондықтан ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлігін дамыту бүгінде тек экономикалық емес, негізгі ұлттық мәселеге айналды. Ауылды әлеуетін көтеру ісіне әрбір азамат атсалысып, алтын бесіктегі тірлікті қайта түлетіп жүр.

Ауыл-аймақ кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданды. Соның нәтижесінде өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында мүлдем тұралап қалған ауылдың тамырына ептеп қан жүгіре бастады. Көптеген іргелі шаруашылықтың негізі қаланды. Қазіргі заманның талабына сай кәсіпкерлік орындар бой тіктеді.

Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі «Бибінұр» сауда базары 2003 жылы 2 санаттағы базар ретінде ашылған болатын. Базардың көлемі 1665 шаршы метр құрап, базар аймағында ауылшаруашылық өнімдері, бақша көкөніс түрлері, сүт және сүт өнімдері сатылып келді. Дегенмен, бірнеше жылдар өткен соң базардың жағдайы заман талабына сай болмай, ескіріп кеткен болатын.

Осы орайда, базар иесіне Қармақшы аудандық жұмысшы топ тарапынан Заң аясында базардың аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келді. Нәтижесінде жеке кәсіпкер С.Ералиев сауда базарларына қойылатын талаптарды орындау мақсатында және сауда жасайтын халыққа ыңғайлы етіп, базарды қайта жабдықтау үшін үстіміздегі жылы «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық Орталығы» арқылы құны 7,5 миллион теңге көлемінде болатын несие қаражатын алып, сауда базары аумағында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи үлгідегі базар форматына көшіру бағытында тиісті жұмыстарды бастап кетті.
 

Тағы да оқыңыз: