Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.  Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.

Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педаго-гикалық  технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қол¬данылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу.  Әрине  бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына  педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.

Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Ауданымызда болашақ ел ұрпағын тәрбиелеп, алғашқы білім баспалдағы болып отырған балабақшалар жетерлік. Осындай берекелі ұйымның бірі – кент орталығындағы «Сәтті бала» балабақшасы. Аталған балабақша 2015 жылы бой көтерген. Осы уақыттан бері біршама бүлдіршінді қанаттандырып үлгерген. Алғашқы түлектері бүгінде мектептің озық оқушылары қатарында. Жалпы балабақша 50 орынға арналған. Қазіргі уақытта мұнда 3-6 жас аралығындағы 50 бүлдіршін 2 топта тәрбиеленуде. Білім ордасының негізгі құрылтайшысы – Несібелі Агаева. Ал берілер білім мен тәрбиеге жауапты меңгеруші – Феруза Ахметова.

Балабақша ғимараты және ауласы заман талабына сай жабдықталған. Құрылтайшы бүлдіршіндердің сапалы білім алуына барынша жағдай жасаған. Баланың ой-өрісін дамытатын түрлі дүниелер мен білікті мамандарды жинаған. Жалпы балабақшада 17 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 6 педагог, 11 техникалық қызметкер бар. Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мем¬лекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай  мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын  әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр.

– Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Бүгінде балабақшада тәрбиеленген баланың ерекшелігі байқалып қалатынын жасыра алмаймыз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – сұлу, әсем, жарасымды болуы керек. Тәрбие қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтанда бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады. Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабай: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» дейді. Бізге қойылған талап балаларды ойын арқылы оқыту және тәрбиелеу. Ойын арқылы бала өмірден көмтеген мәлімет алады. Тәрбиешілер ойын ұйымдастыра отырып, балаларға барлық білімді береді. Балабақшамызда әрбір мерекелік іс-шара өз деңгейінде ұйымдастырылады. 1 қыркүйек, ұстаздар күні, Қарттар күні, Алтын күз, Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 Наурыз секілді мерекелік іс-шаралар балалар мен ата-аналарымыздың қатысуымын ерекшеленіп өтеді. Біз ұрпақ жолындағы ұлағатты ісімізді әрі қарай да жалғай береміз. Бастысы білім ордасынан білімді, бақытты, өнерлі баланы қанат қақтырып, ел болашағының жарқын болуына аз да болса үлес қосу, – дейді балабақша меңгерушісі Феруза Балтабекқызы.

Тағы да оқыңыз: