Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда қоғам алдына қойылған негізгі міндеттердің бірі жан-жақты дамыған, мамандығын жетік меңгерген,өз елінің патриоты, адамгершілігі мол жеке тұлғаны қалыптастыру. Осы аталған  талаптарға сай,  мамандықтарды игерген  жастарға қазіргі таңда сұраныс жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күннен-күнге артып келеді. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге мамандар дайындау – кезек күттірмейтін талап. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандарды сапалы түрде дайындау, түлектердің жұмысқа орналасуын қадағалау жалпы міндеттер қатарында.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев дәстүрлі тамыз кеңесінде «Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс» деп білім беру саласын экономикалық жаңғыртудың базасы ретінде атап өтті, сондықтан бұл біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Себебі, жақсы дайындалған мамандарсыз барлық аспектілерде мықты және дамыған елді құру мүмкін емес. 

Ауданымыздың білім беру саласына өз үлесін қосып келе жатқан киелі шаңырақ, іргелі оқу ордасы – Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі. Бұл аудан көлеміндегі техникалық және кәсіптік  білім беріп, мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны. Бүгінде колледжге Бауыржан Сайдулла директорлық етеді. 

Оқу ордасының тарих парақтарына көз жібертер болсақ, колледждің іргетасы 1959 жылы қаланған. Сол жылы 30 желтоқсанда Қармақшы ауданы орталығында №149 ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі болып құрылды. 1969 жылы №149 Қармақшы селолық кәсіптік-техникалық училище болып өзгертілді. Алғашқы жылдары училищеде 18 топ жасақталды. «Кең көлемді тракторист-машинист» тағы сол сияқты мамандықтар бойынша ауыл шаруашылығының жас кадрлары даярланды. 1998 жылы аталмыш білім ордасы №12 кәсіптік-техникалық мектеп деп аталады. Қызылорда облысы әкімі Б.Қуандықовтың 2008 жылы 25 желтоқсандағы №238 қаулысымен №12 Қармақшы кәсіптік лицей болып атауы өзгертілді. Осы жылдан «ЭЕМ операторы», «Тігінші», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Автомеханик» мамандықтары бойынша мамандар даярлай бастады. Қызылорда облысы әкімдігінің 2012 жылғы 7 тамыздағы «Кейбір мемлекеттік білім беру мекемелерін қайта атау туралы» қаулысы және Облыстық Білім Басқармасының 2013 жылғы 29 қаңтардағы №13-к бұйрығымен «№12 Қармақшы кәсіптік лицей» мемлекеттік мекемесі «Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. 2013 жылы 30 желтоқсанда Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаевтың №435 «Кейбір мемлекеттік білім беру мекемелерін қайта ұйымдастыру» қаулысымен және Білім басқармасының 2014 жылғы 6 ақпандағы №19-Н бұйрығымен «Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі «Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі» коммуналды мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып аталды.

– Колледжде биыл барлығы 11 оқу тобы бар. Оның ішінде 5 мамандық, 6 біліктілік бойынша студенттер білім алуда. Қазіргі таңдағы білім алушылардың саны – 203. Жаңа оқу жылында 91 студент қабылданды. Колледжде белсенді түрде қоғамдық, шығармашылық, спорттық өмір жүргізіледі, онда креативті идеялардың бастамасы мен қозғаушысы студенттердің өздері болып табылады. Олардың кәсіби қалыптасуына, шығармашылық, кәсіпкерлік әлеуетін ашуға оқытушылар да қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде студенттерге 28323 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Сонымен қоса жылына екі рет ауылдық жерден келіп қатынайтын студенттерге 6360 теңге жолақы төленеді. Мұнан бөлек әлеуметтік жағдайға байланысты кейбір студенттерге 13494 теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленеді, – дейді колледж директоры.

Оқу ордасы 2019 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында колледждің  3 оқу ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі 2020 жылы желтоқсан айында институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден «Аккредиттеудің тәуелсіз Қазақстандық орталығы» Коммерциялық емес ұйымы арқылы табысты өтті. Мамандандырылған аккредиттеу 3 мамандық бойынша жүргізілді: «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, «Тігінші», «Фермер шеруашылығы». Аккредитациялық кеңес отырысының қорытындысымен колледжді институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден 5 жыл мерзімге  аккредиттеу туралы шешім шығарылды.

Қазіргі әлеуметтік – экономикалық жағдайда жұмыс берушілермен тығыз байланыста болғанда ғана жоғары білікті кәсіби мамандарды даярлап шығаруға болады. Әлеуметтік серіктестікпен жұмыс жасау – әрбір түлектің білікті маман, кәсіби шеберлігінің сапасы жоғары болуының негізгі жолы. Осы бағытта біздің Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі 2021 жылы Қармақшы ауданындағы 16 мекеме, ұйымдармен әлеуметтік серіктестік туралы келісім шарт жасасып, әлеуметтік серіктестік арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында  бірлескен жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Әлеуметтік серіктестер білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасаса, сонымен бірге өндірістік тәжірибе қорытындысымен білім алушылардың кәсіби дәрежесінің деңгейін көтеруге, жұмысқа деген қабілетін, қызығушылығын арттырып, кәсіби машықтанудан өткен түлектерді өздеріне жұмысқа шақыруда табысты жұмыстар атқаруда.Колледжде студенттер автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, автомобиль көлігін жөндеу шебері, ауылшаруашылығын механикаландыру, техниканы жөндеу шебері, ауылшаруашылық өндірісіндегі трактор-машинист, тамақтандыруды ұйымдастыру, аспазшы, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тігінші, электр жабдықтары, электромонтер мамандығы мен біліктілігі бойынша білім алуда. 

– Колледж студенттері аудандық мәдениет үйімен, спорт мектебімен, орталық кітапханамен, аудандық Жастар ресурстық орталығымен сабақтастықта жұмыс жасап, іс-шараларға белсенді түрде студенттер қатыстырамыз. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану барысында түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. «Инабат» қыздар клубы, «Құқық» клубы, «Наркобекет» үйірмесі, «Жас ұлан» әскери патриоттық үйірмесі, «Саналы ұрпақ» клубы бар. Спорт секциялары волейбол, минифутбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қол күрес, баскетбол үйірмелеріне І,ІІ,ІІІ курс студенттері арасынан барлығы 150 студент қамтылған. Бұл барлық студенттердің 70% құрап отыр, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сүлейменова.
Иә, оқу ордасынан білім алған әрбір студенттің келесі кезектегі мақсаты – жұмысқа орналасу. Бітіруші түлектердің жұмысқа тұруы бірқалыпқа қойылып келеді. Айталық, 2021-2022 оқу жылында 61 студент бітірсе, олардың 65%-і жұмысқа орналасқан.
Колледж жанында студенттерге арналған жатақхана орналасқан. Бүгінде онда 6 студент бар. Олардың арнайы демалыс бөлмесі мен тамақ дайындайтын асханасы, жатын бөлмесі жабдықталған.

Колледж студенттері қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Халықаралық ғылым мен білімнің инновациялық әдістеме орталығының ұйымдастыруымен І республикалық оқушылар ара- сында өткізілген «Жас дарын – 2022» ғылыми жобалар байқауына үздік жұмыс ұсынып, ізденісімен ерекшеленіп, ғылымға қосқан үлесі үшін А – 20/9 оқу тобының студенті Есбол Сансызбаев ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, жетекшісі Құндыз Қожақова алғыс хатпен мадақталды. Ал Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ғылыми кеңістік: өзекті мәселелер, жетістіктер мен жаңашылдықтар» тақырыбындағы байқауда Ерқанат Жәнібеков ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшісі – Нұргүл Бағыланбаева.

Сонымен қатар облыстық «Топ-20» үздік студенттер байқауына қатысқан аспаз мамандығының ІІІ курс студенті Азиза Жәнібекова мен тігінші мамандығының ІІ курс студенті Индира Жанықұловалар үздіктер қатарынан табылды.Оқу ордасында «Студенттік парламент» студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс жасайды. Бұл – тұрақты, демократиялық ұйым. Студенттік парламент – студенттік өзін-өзі басқарудың бірыңғай органы ретінде студенттік тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешуге, студенттік жастардың пайдалы бастамаларын қолдауға және әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған студенттердің ынталы дербес қоғамдық қызметінің формасы. Бүгінде колледждегі осы ұйымға барлығы 35 студент тартылған. 8 фракция бойынша олардың жетекшілерімен жұмыс жүргізілуде.

2019-2020 оқу жылынан бастап колледж электронды білім беру форматына көшірілді. Электронды білім беру BilimLand компаниясының  SMARTNATION порталында жүргізілуде.2021 жылдан елімізде колледждерге академиялық дербестік берілді. Бұл білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктілікті алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, ал қажет болған жағдайда қосымша біліктілік алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді. Осылайша, колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады.

2021 жылдың қыркүйек айынан ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде тану, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын нығайту, сондай-ақ білім сапасын арттыру және республикадағы білім берудің барлық деңгейлері мен сатыларының сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында кредиттік-модульдік оқыту технологиясы бойынша білім берілуде. 2022 жылы оқу орны толықтай кредиттік-модульдік оқыту технологиясына көшті.Оқу орны «Жас маман» жобасына қатысып, «Тігінші» біліктілігі бойынша оқу құрал-жабдықтарын алды.  Сондай-ақ, «Жас маман» жобасы аясында «Тігінші» біліктілігі бойынша  құзыреттілік орталығы ашылып, аталған орталық аясында біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды.

«Жас маман» жобасы аясында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша білім алушылар Финляндия мемлекетінде дайындалған Soprano Group компаниясы дайындаған білім беру бағдарламасымен білім алуда.Колледждің әдістемелік қызметінің негізі – бұл әдістемелік бірлестік. Колледжде 2022-2023 оқу жылында 7 әдістемелік бірлестік жұмыс жасайды. Оқытушылардың педагогикалық шеберлігін және білім алушылардың дарынын көрсететін жұмыстың түріне пән апталықтарын өткізу жатады. Оларды өткізу жоспары жылдың басында жасалынады. Пән апталықтарының қорытындысы әдістемелік кеңестің отырысында қарастырылып, қорытындыланады. Дарынды студенттердің білім, білік дағдыларын арттыру мақсатында жекеленген жоспарлар жасалып, жоспарға сай әр сайын дарынды студенттер мен пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері жұмыс жүргізіп отырады.  

«Білім беруді кешенді жаңғырту жағдайында ТжКББ ұйымы түлегінің моделін құру» тақырыбындағы республикалық педагогикалық оқуға арнаулы пән оқытушысы Н.Төреахметова,  «Халықаралық білім және ғылым академиясы» ЖШС ұйымдастырған «Білім, ғылым және мәдениет салаларын дамыту мәселелері: теория, практика, тәжірибе» атты ІV Халықаралық ғылыми-практикалық интернет конферецияға «Білім беруді дамыту мәселелері» бағыты бойынша арнаулы пән оқытушылары Н.Жайықбаев пен Қ.Тұрсынбаевтар қатысып, баяндама жасады.

«Қазақстан педагогтарының білімін дамыту және қолдау» орталығы ұйымдастырған «Үздік ғылыми жоба»  республикалық  байқауына арнаулы пән оқытушысы Н.Жайықбаев қатысып І орынды, «Болашақ педагог» тақырыбындағы педагогтарға арналған  халықаралық байқауға   дене шынықтыру пәні оқытушысы Д.Байшылыков қатысып ІІ орындарды иеленді. «Әдеби Қазақстан» электронды ақпарат білім сайты ұйымдастырған  «Наурыз-Ұлыстың ұлы күні» республикалық шығармашылық байқауына  Тг-19/9 оқу тобының студенті Э.Ибраева (жетекшісі С.Кобекова) қатысып,  ІІІ дәрежелі диплом, жетекшісі Алғыс хатпен марапатталса, «Дела Рук-2021» қашықтықтан өткен халықаралық байқауында  өндірістік оқыту шебері Н.Төреахметова ІІІ орынды иеленді. «ІNDІGО» оқу орталығы ұйымдастырған «ХХІ ғасыр көшбасшысына» яғни, ІІ Республикалық пәндік олимпиадаға қазақ тілі пәні бойынша А.Яхия (жетекшісі Н.Абдиева) арнайы дипломмен марапатталып, І орын еншіледі.

«Энергия үнемдеу және энергияны үнемдеудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы облыстық ғылыми-теориялық конференцияда өндірістік оқыту шебері А.Қартаңбаева баяндама жасап,  сертификат Алғыс хатымен марапатталды және де баяндамасы жинаққа енді.Колледждің арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері мамандық бойынша республикалық онлайн олимпидаға қатысып Л.Қалымбетова, Г.Алиева - І орын, Ж.Оспанова, Н.Төрахметова және Л.Тоқмамбетовалар ІІІ орындарды иеленді. Облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастырумен  өткен «М.Жұмабаев – тәлім-тәрбие ғылымының негізін қалаушы» тақырыбындағы облыстық онлайн педагогикалық оқуға Тг-20/9 оқу тобының ІІ курс студенті М.Мырзабаева (жетекшісі С.Көбекова) «Мен жастарға сенемін» бағыты бойынша  «Жастар-болашақтың алтын діңгегі» және Мм-20/9 оқу тобының ІІ курс студенті Д.Исаев (жетекшісі Д.Қошманова) «Мен жастарға сенемін!» тақырыптарында  жасаған баяндамалары жинаққа енді.

«Білім нұр» Халықаралық педагогикалық журналының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» ұлттық идеясы аясында   «Ұлы даланың ұлағатты ұрпақтары» атты  республикалық ғылыми жобалар байқауында «Тарих» секциясы  бойынша колледж студенті Әбутәліпұлы Бақдаулет (жетекшісі тарих пәні оқытушысы Г.Жетибаева) қатысып,  «Қыран құс және құсбегілік» атты баяндамасы жинаққа еніп, І орынды қанжығасына байлады.  Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде «Ғылыми кеңістік: өзекті мәселелер, жетістіктер және жаңашылдықтар» атты студенттердің республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің Ашт-22/9 оқу тобының 1 курс студенті Жәнібеков Ерқанат Манасбекұлы (жетекшісі физика пәні оқытушысы Н.Бағыланбаева) «К.Э.Циалковскийдің ғылыми еңбектерінің маңызы. 

Зымыран ғарыш саласының қазіргі жетістігі» тақырыбындағы ғылыми жобасын қорғап, ІІ орынды иеленді. Халықаралық ғылым мен білімнің инновациялық әдістеме орталығы мақұлдаған жалпы білім беретін ұйымдарының дене тәрбиесінің мұғалімдері мен нұсқаушыларына арналған  «Дене шынықтыру сабағында волейбол ойынының маңызы және үйрету жолдары» тақырыбында колледжіміздің  дене шынықтыру пәні оқытушылары Н.Абдулаев пен Г.Шерипованың,  педагог-психологы Қожақова Құндыз Айдарқызының, «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды оқыту әдістемесі» тақырыбында әдістемелік көмекші құралдары жарық көрді. 1 курс студенттері арасында «Математика», «Физика», «Информатика», «Биология», «Химия» пәндерінен облыстық олимпиадаға қатысқан студенттеріміз сертификатпен, физика пәні бойынша  ІІІ орынды иеленген олимпиада жүлдегері Тг-22/9 оқу тобының 1 курс студенті Машенова Альфия Алтынбекқызы (жетекшісі Н.Бағыланбаева) облыстық білім басқармасы тағайындаған арнайы дипломмен  марапатталды.«Жас ұстаз-2022» атты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жас мамандарына арналған облыстық сайысқа «Тігін өндірісі  және киімдерді үлгілеу» мамандығының өндірістік оқыту шебері Лаура Калымбетова қатысып, Алғыс хатпен алды.

«Қазақстанның жыл мұғалімі» атты республикалық байқауына Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің дене шынықтыру пәні оқытушысы Шеріпова Гүлсім Жүсіпбекқызы қатысып, жеңімпаз атанды. Білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі» атты төсбелгісімн марапатталды.  Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) және «Академик С.А.Джиенкулов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» бірлесе отырып  техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Тг-19/9 оқу тобының ІІ курс студенті Жанықұлова Индира Ерқожақызы (жетекшісі  А.Джумагалиева) қатысты және «Абайдың ақындық даналығы» тақырыбында баяндама жасады, қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың мұрасын кеңінен насихаттау барысында жасаған жұмысы үздік деп танылып, ІІІ орынды иеленді.

Халықаралық «Өрлеу-өркендеу» ғылыми ақпараттық, танымдық-тәрбиелік журналы ұйымдастыруымен өткен  «Үздік педагог» және «Парасатты педагог» атты байқауларына  үздік жұмысымен қатысып, мәңгілік елдің жарқын болашағы жастардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына мүмкіндік туғызып, ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі үшін Шерипова Гулсім Жүсіпбекқызы І Дәрежелі Дипломмен марапатталып, І орынды еншіледі.Республика педагогтарының әдістеме мен өнер-білім орталығы ұйымдастырған «Мәртебелі маман – 2022» атты байқауында  «Педагог-психолог» номинациясы бойынша білім беру саласында жаңашылдық танытып, ұсынған  жұмыстары үзік деп танылған  колледждің педагог-психологі Қожақова Құндыз Айдарқызы ІІ орын иленді.V Республикалық пәндік олимпиададан І курс студенттері Б.Әбутәліпұлы математика, Е.Жәнібеков қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихынан І орынды иеленді.

Алдағы уақытта колледждің оқу материалдық базасын жаңғырту, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, жаңа мамандықтар ашу, оқытушылар мен шеберлердің білімін жетілдіру,  оқу өндірістік, шаруашылық базасын дамыту бағытында ауқымды жұмыстардың атқарыла беретініне сенім мол.

Тағы да оқыңыз: