Kyzylorda-news.kz. Қай мамандықтың да қоғам үшін қажеттілігі зор. Дәрігер денсаулықты түзесе, мұғалім оқушы тәрбиелейді. Құрылысшы қасбеті бір-бірінен асып түсетін ғимарат салса, мәдени қызметкер өнерімен елдің рухани өресін көтеруге қызмет қылады. Айта берсек, мамандықтың түрі көп-ақ. Осылардың арасында сыры мен сипаты жағынан өзгешелеуі тағы бір мамандық бар. Ол – мың жылға көлеңке болатын саялы ағаш отырғызып, Табиғат-Ананың көктеп-көгеруіне аянбай тірлік ететін, дала жануары мен құстарының сақталуына қамқор болатын орманшы мамандығы.
Әрбір мамандық өзінше әлем. Бір-біріне ұқсамайтын дүние десек, орманшы қауымы таңнан кешке дейін айлап-апталап ыстық пен суықта дала кезіп, өсімдік пен жан-жануарды қорғап, мәпелейтінімен ерекшеленеді. «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің директоры Абай Бекбергенмен сұқбаттасып, жай-жапсарды сұраған едік. Ол әңгімесін мекеме тарихынан бастап, атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді.
«Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі 1978 жылы облыстық орман шаруашылығы және орманды қорғау басқармасының бұйрығымен құрылған. Сол жылдары барлығы 365380 гектар орман қоры жері болса, 1984 жылы ол 390154 гектарды құрады. 2001 жылы орман орналастыру мекемесінің жұмыс қортындысымен 435286 гектар жер мемлекеттік орман қоры болып белгіленді. Біздің негізгі міндетіміз – орман қорын күзету, қорғау, молықтыру. Мекеменің жер аумағын өрттен қорғап, оның алдын алу, оқиға орын алған жағдайда дер кезінде байқап, көзін жою», – дейді ол.
Бірлесе жасаған істе береке бар. Аудан көлемінде орман өртінің аса қауіпті кезеңі 15 наурыз бен 15 қазан аралығы болып белгіленгендіктен №10 өрт сөндіру бөлімімен бірлесіп орман-тоғайда өрт болған жағдайда оны жедел сөндіруге бағытталған жаттығулар жүргізіледі. Өрттің алдын алуда орман қоры жеріне пано, аншлаг және елді мекендердің кіреберісіне бильборд ілініп, орналастыру да мекеме жұмысына жатады. Тұрғындар арасында үнпарақ таратып, үгіт-насихат жүргізу – көптеген қайғылы оқиғаның жолын кеседі.
«Мекемеде өрт сөндіру дабылы орнатылған. 75 шақырым жаңадан өртке қарсы минералды жолақтар жүргізілді. 225 шақырымға өткен жылғы минералды жолақтарға күтім жасалды. Орман күтуші мен өрт сөндірушілер байланыс құралымен қамтамасыз етілген. Ерекше айта кетерлігі, соңғы жылдары орман қорында өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Өткен жылы егілген орман екпелері күтімге алынып, бапталуда. Көктем, күзде орман зиянкестері мен ауруларын анықтау үшін орман патологиялық зерттеулері жүргізілуде. Қазан, қараша аралығында орманды қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік орман қорына сексеуіл тұқымын себу, сексеуіл ормандарының табиғи өсіп-өнуіне тыңғылықты жұмыстар атқарылады. Орман және жануарлар дүниесін қорғауда орман күтуші және орман шеберлері еңбек етеді. Барлық орман күтушіге орман айналымдары бекітіліп берілген. Оның заңдылығын бұзушыларды бақылауға аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп рейд ұйымдастырылып отырылады. Орманшылардың қызметтік киімі бірыңғай үлгіде тігіліп, жұмыста арнайы киіммен жүру қамтамасыз етілген. Мекеме есебіндегі ардагер қарт орманшылар қамқорлыққа алынған» дейді мекеме басшысы.
Шаруашылық бірнеше бөлімнен тұрады. Ондағы тұқымбақ бөлімі бойынша биыл 2 гектар жер ашылып, оған терек, Сыр талы, үйеңкі, қарағаш тұқымы себілсе, көктемгі көшет қазу мезгілінде мекемеге қарасты тұқымбақта сексеуіл көшеті қазылып, ол Арал орман шаруашылығы мекемесіне берілген. 500 дана саялы ағаш көшеті аудан мекемелеріне таратылған. Қазір егілген екпелерге күтім жасалып, сексеуіл тұқымы жиналып жатса, Арал ұлтанына тұқым себу, сондай-ақ сексеуілдің өздігінен шығуына септігін тигізетін тұқымбақ ұйымдастыру жоспарға қойылған.
Орман патологиялық жұмысы бойынша да бірқатар істер атқарылған. Орман қоры жеріндегі зиянкесті анықтауда көктем, күзде шұңқыр қазылып, зерттеулер жүргізіледі. Мекеменің материалдық-техникалық жабдығына келсек, мекемеге жаңадан жыл басында 1 ХТЗ-150 тракторы, 6 тонналық тіркеме, 1 орман отырғызу техникасы алынған.
Бүгінде орман шаруашылығында 55 адам қызмет етуде. Орман қоры жерін күзету мен қорғауда орман шеберлері Кәрім Өтегенов, Ерхан Қаражанов, Амангелді Сарыбаев, орманшылар Шыңғыс Мыңжасаров, Айбол Ыбыраев, Ерболсын Үсенбаев, Қанат Оразымбетов, Бауыржан Боранбаевтар орман және жануарлар дүниесін қорғау, заң бұзушылыққа жол бермеуге үлесін қосып, талмай еңбек етіп жүрген мамандар. Орманшылармен қатар, өрт қауіпсіздігінің алдын алуда өрт сөндірушілердің еңбегі орасан. Жергілікті жерде Сырдария өзені жағалауын алып жатқан едәуір аумақты құрайтын тоғайлы ормандар бар. Онда сексеуіл, жыңғыл, шеңгел, қарабарақ, сарсазан, тағы басқа да сирек кездесетін ағаш бұталары мен өсімдіктер өседі. Мұндайда өрттің тілсіз жау екенін айтудың өзі артық. Осындай жасыл желекті дала орманы өртінен қорғау батыл да ержүрек азаматтарымыздың мойнында. Олардың қатарында аға өрт сөндірушілер Серік Қалмаханов, Қайрат Әбілдаев, өрт сөндірушілер Болат Төребеков, Аманжол Мамыраев, Ерлан Құттаяқов, Мұханғали Әбділов, Нұртай Құттаяқовтардың есімін құрметпен атауға болады, – дейді мекеме директоры Абай Бекбергенұлы жылы шырайда.
Биыл «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-сі Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктемде 13 000 гектар жерге 3900 000 дана сексеуіл көшеті мекеменің уақытша тұқымбағынан қазылып, отырғызу жұмыстары жүргізілді. Мекеме 2023 жылы көктемде 1 гектар уақытша тұқымбақ ашып, 0,5 гектар жерге үйеңкі тұқымын егіп және 0,5 гектар жерге сыр талы терек ағаштарынан қаламша отырғызды.
Осы жылы орман және дала өрттерінің алдын алу оны болдырмау мақсатында мекеменің орманшылары мен өрт сөндірушілеріне күзету, қорғау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар өрттің қауіпті маусымында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімімен келісілген. 2023 жылдың өрт қауіпті маусымында Қармақшы ауданы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және болдырмау мақсатында бірлескен іс-шаралар іс қимыл жоспарына сай жұмыстар атқарылып жатыр. 2023 жылдың 29 наурызында аудан әкімі Жандос Еркінбектің орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша жұмысшы тобын құру туралы өкімі шығарылды.Аудан көлеміндегі ауылдық округтерге оман және дала өрттерінің алдын алу және оны жою мақсатында 15 дана ескерту хаттар және 100 дана үн парақтар таратылды. Егіс егетін шаруа қожалықтарға өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда.
Мекеменің жоспары бойынша 75 километрге жаңадан минералды жолақтар және ескі минералды жолақтарды жаңалау 225 километрге жүргізілді.2023 жылдың 21 сәуірінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №10 өрт сөндіру бөлімі және мекеменің орманшлары, өрт сөндірушілерімен бірлескен өрт-тактикалық жаттығуы өткізілді. Сондай-ақ баспасөз бетіне орман және дала өрттерін болдырмау мақсатында мақалалар үзбей жарияланып отырады. 2023 жылдың басынан бері орман және дала өрттері оқиғасы тіркелген жоқ.
Мемлекеттік орман қорын қорғау күзету жұмыстары бойынша орман және аң аулау заңдылықтарын болдырмау мақсатында 5 рейд жүргізді. Орман заңдылығының бұзылуының өзге де түрі бойынша 1 жағдай тіркеліп, хаттама толтырылды. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 370 бабының 2 бөлігімен «ескерту» түріндегі шара көріліп, 8625 теңге табиғатқа келтірілген залалы толық өндірілді.
