Kyzylorda-news.kz   Бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде табиғи апат қауіпі күшейіп, көктемгі су тасқыны басталды. Су тасқынына байланысты көршілес Ақтөбе облысының орталығы мен бірнеше аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Соған сәйкес «ҚазАвтоЖол» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Республикалық маңызы бар автомобиль көлік қозғалысына шектеу қою туралы ресми мәлімдеме жасады.

 Мәлімдемедегі ақпарат бойынша ағымдағы жылдың 28 наурызы сағат 21.00-ден бастап Ақтөбе облысының ауа-райының нашарлауына байланысты (жол көпіріне барар жолдың ішанара бұзылуы) республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырым аралығына (Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласы дейін) барлық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Осыған байланысты жолаушылар Қармақшы ауданы аумағында орналасқан кешендерге орналасуда. Кеше Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Айдын Әнуар мен бірқатар сала басшылары жолаушылармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Барлық кешендерде азық-түлік, дәрі-дәрмек және ауыз су толығымен жеткілікті. Қонақ үйлерде жолаушыларға қосымша резервтік жатын орындары қарастырылған.

Аудан аумағында қалған жолаушыларға толық бақылау қойылды. Сондай-ақ, аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі мен жол полициясы қызметкерлері тарапынан жолаушыларға жолдың жабық екендігі жөнінде ақпараттар берілуде.

Ал бүгін Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен жол қозғалысының шектелуіне байланысты шұғыл мәжіліс өткізілді.
Мәжілісте «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырым аралығына шектеу қойылуына байланысты мәселелер талқыланды. 
Бүгінгі таңда жол бойында қалған жолаушылар Қармақшы ауданының аумағындағы күре жолдың бойында орналасқан «ОАЗИС», «Ақсарай» және «РАЙ» кешендеріне тұрақтауда. Сондай-ақ, аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі мен жол полициясы қызметкерлері тарапынан жолаушыларға жолдың жабық екендігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысы жолаушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, жағдайды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: