Kyzylorda-news.kz. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде жаңа кәсіпкерлік нысан «Әсия ана» балабақшасы ашылды. Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек балабақшаның ашылу салтанатына қатысып, осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жергілікті кәсіпкер Әсия Мүсілімқызына алғысын білдірді.

«Бөбектер үлкен өмірге деген алғашқы қадамын балабақшадан бастайды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген киелі сөз бар. «Әсия ана» балабақшасында білімді, тәрбиелі, елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін ұрпақ тәрбиеленеді деген үлкен сенім бар», – деді Қармақшы ауданының әкімі.

Одан соң аудан ардагерлерімен бірге жаңа нысанның лентасын қиып, балабақша жұмысымен танысты.

Айта кетейік, балабақша Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық Орталығы» арқылы 20,0 млн теңге көлемінде несие қаражатымен қаржыландырылған.

Бүгінде балабақша иесі 25 адамды жұмыспен қамтуды және 3 жастан 6 жасқа дейінгі 75 баланы қабылдауды жоспарлап отыр. 
Оның ішінде бір тобы ерекше балаларға инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді.

Балабақша – тәрбиенің бастауы. Мұнда табалдырық аттаған әр бүлдіршіннің ертеңіне деген нық сенім орнап, жүректерінде патриоттық сезім жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін, білім мен тәрбие беретін орта саналады. Баланың болашақ тұлға, өз елінің патриот азаматы ретіндегі қасиеті, оның негізі мектепке дейін-ақ қаланады. 

350511693_604865148317929_8129375545515312276_n.jpg
 

Тағы да оқыңыз: