Kyzylorda-news.kz Қармақшы аудандық Оқушылар үйінде балаларды қорғау күніне орай «Алтын балалық шақ» декадасы аясында «Жас толқын» аулалық клубының ашылу мерекелік іс-шарасы өтті. Салатанатты мерекелік іс-шараға Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова және оқушылар үйінің ардагер-ұстазы Төлеш Мырзабаевтар қатысып, алдымен «Әлем – бала көзімен» тақырыбында оқушылардың асфальтқа және қағаз бетіне өз қиялдарын бейнелеген суреттерін тамашалады.

Мұнан соң ойынға жаны құмар балғындар түрлі қызықты ойындар көрсетсе, «Robo kids» үйірмесінің мүшелері «Техно құбылыс» тақырыбында роботтар көрмесімен таныстырды. Сондай-ақ «Шебер қолдар» үйірмесінің шеберлері саз балшықтан құмыра жасап көрсетті. Сонымен қатар ғимарат ішінде «Ойы бөлектің жолы бөлек» тақырыбында дойбы сайысы мен «Жұлдыз бол!» интерактивті ойынына куә болды.

Іс-шара соңында кеш қонақтары балғын бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, «Жас толқын» аулалық клубының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Мерекелік шара өнерпаздардың ән-биімен жалғасын тапты.

Тағы да оқыңыз: