Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ауданымыздағы кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Сәрсенбі күні кәсіпкерлердің тың идеяларын дамыту мен кәсіпкерлікке деген ынталарын арттыру мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының аудандық филиалында кездесу өтті. 

Оған өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, Қызышлорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сыздықов Пірмұхаммед, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Алмат Өтегенов, аудандық кәсіпкерлік бөлім басшысы Біржан Мүтәлұлы аудандағы жеке кәсіпкерлер қатысты.

Қатысушылар бірінші кезекте ауданда шығарылып жатқан өнімдердің көрмесімен танысты. Онда «Жаңажол» ЖШС өнімдері соя, жоңышқа, жем, бидай, күріштің 3 түрі қойылса,  Ақай ауылындағы жеке кәсіпкер Ғанибек Серікұлының кір сабыны, Талғат Жасанбаевтың күріш таяқшалары, жартылай фабрикатталған өнімдерді дайындаушы Айдана Көздібаеваның кеспе мен жаймасы, сондай-ақ кондитерлік өнімдер мен қазақы киімдер ұсынылды.  

Әрі қарай өңірлік кеңестің төрағасы Ерлан Раимов кеңестің мақсат-мүддесімен таныстырып, қарап, шешіп жатқан мәселелермен таныстырды. Аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Алмас Қаржаубаев облыстан келген азаматтарға бірқатар өзінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Мұнан соң Жосалы кент әкімдігінің мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері және жергілікті кәсіпкерлермен кездесу жалғасын тапты. Жиынның басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасу. Кездесу барысында аудан кәсіпкерлері көкейлерінде жүрген сауалдарымен бөлісіп, тиісті уәкілетті орган өкілдерінен кеңестер мен түсіндірулер алды.

Өңірлік кеңес мүшелері қармақшылық кәсіпкерлерімен және салаға жауапты мамандармен кездесіп, кәсіптің көзін тауып, кез-келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау тетіктерін түсіндіріп өтті.

«Биыл ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған бағдарлама жұмысын бастап кетті. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақын күндері нақты талаптары белгілі болады. Мемлекеттің мұндай қолдауын уақытылы қолдану керек. Кеңес алу, құжат дайындау бойынша біз көмек көрсетеміз», – деді облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Мұзапарұлы.

Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында жүзеге асырылатын «Бір ауыл – бір өнім» жобасына ауылдағы қыз-келіншектерді қатыстыру үшін ауылдық округ әкімдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізуде көмек көрсетуді сұрады.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер салаға қатысты мәселелерін ортаға салып, пікір алмасты. Атап айтқанда, несие алу барысында кепіл мүліктерінің төмен бағаланатынын, салдарынан жеткілікті деңгейде қаржы ала алмайтынын айтты. Сондай-ақ, шарада сөз алған кәсіпкерлердің басым бөлігі жеңілдетілген несие алуға ниетті екендерін жеткізді.

Кәсіпкерлердің көтерген мәселесі бойынша кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы әр бағдарламаның ерекшелігін түсіндіріп, шешу мүмкіндіктерін ұсынды.

Тағы да оқыңыз: