Kyzylorda-news.kz. Қазақ «Кәсіп бар жерде береке бар» дейді. Қолға алған кәсіп берекеге айналып, нәтижесін беру үшін біраз уақыт еңбек етіп, тер төгу қажет. Сонда ғана шаруа шатқаяқтамай, шыңдала түседі. Оған дәлел, ауданымызда жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаева 2013 жылы «Адина» шағын киім-кешек дүкенін ашып, кәсіп жолын бастаған-ды. Бүгінде кәсібі кеңейіп, осы атаумен бірнеше сауда дүкені халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Биыл да бұл шаруасын тағы үлкейтіп, аудан экономикасын дамыту мақсатында кәсіпкер жаңа ауқымды істі қолға алды. Ол кезінде Жосалы кент тұрғындарына қызмет көрсеткен «Таңсықбай» сауда базарын сатып алып, орнына заман талабына сай, екі қабатты «Адина» сауда үйінің құрылысын бастады. Осы ретте аудан ардагерлері және белгілі кәсіпкер ағалардың қатысуымен жаңа нысанның ірге тасын қалау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, «Қармақшы-Даму» аудандық кәсіпкерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Қаржаубаев қатысып, кәсіпкерді жаңа бастамасымен құттықтап, ғимараттың алғашқы іргетасын қалады.
– Жыл өткен сайын еліміз өркендеп, бас қаламыз көркейсе, сол секілді ауданымызда да жаңа нысандар бой көтеріп, кентіміз жаңа кейіпке енуде. Бұрын теміржолдың асханасы болып, кейін базарға айналған орын, бұдан да ерекше өзгеруде. Ауданға белгілі кәсіпкер Нағима Тиышбекқызы үлкен тәуекелге барып, туған жері үшін игілікті істі бастап отыр. Сондықтан бұл жердің өзіндік үлкен тарихы бар. Халық осында сауда жасап, несібесін тапқан. Алдағы уақытта жаңа ғимарат халық көп жиналатын сауда орынға айналсын деп тілеймін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Кәсіпкер жобаны өз қаражатынан салса, қосымша «Өңірлік инвестиция орталығынан» несие алып отыр. Сауда үйі қойма, дәмхана, наубайханасы бар, маусымдық киімдер мен тұрмыстық заттар сатуға жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта мұнда 20 адам жұмыспен қамтылмақ.
