Kyzylorda-news.kz Мемлекетіміздің кәсіпкерлік саласына ерекше назар аударып, жеке кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай жасап, қолдау көрсетуінің нәтижесінде ау­дан орталығымен қатар, ауылдық елді мекендерде де кәсіппен айналысуға ниетті азаматтар саны артып, кәсіпкерлік нысандарының көбейіп жатқаны қуантады. Қармақшыда да көптеген жаңа ғимарат бой көтеріп, ел игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Кентіміз сәулеті келіскен тағы бір ғимаратпен толықты. Нақтырақ тоқталсақ.

  Бейсенбі күні Жосалы кентінің орталығында бой көтерген «Мағжан» асханасының ашылу салтанаты өтті. Онда Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, туған жерде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жатқан кәсіпкерге алғысын білдірді. Жаңа нысанның тұрғындарға сапалы әрі тиімді қызмет көрсетуіне тілектестігін жеткізіп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.  

  Одан кейін еңбек ардагері Орынбасар Сариев батасын беріп, аудан ардагерлерімен бірге жаңа нысанның лентасын қиып, асхана жұмысымен танысты. Ашылу салтанатына жиналғандар нысанды аралап, ақ дастарханнан дәм татты.

  Сәулеті жарасқан екі қабатты еңселі ғимарат соңғы үлгідегі заманауи дизайнмен жасалған. Іші жарық, әрі кең. Бірнеше саладағы кәсіпті тең игеріп отырған кәсіпкер Рабиға Балғабаеваның жаңа нысанына жиналған көпшілік ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

–  Бүгін кентімізде тағы бір асхана ашылып отыр. Жыл өткен сайын кәсіпкерлеріміз өз кәсібін ашып, аудан экономикасының да­муына атсалысып отыр. Нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес, халықтың әлеуметтік тұрмыс-ахуалын жақсарту басты орынға қойылған. Тұрақты қолдаулардың арқасында ауданда бизнес жо­баны мақсатты түрде игеріп, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаушы­лар қатары көбейіп келеді. Ауданда осындай ғимараттың ашылуы ауданымыздың экономикасының кеңге қанат жайып, өркендеп, халқымыздың әл-ауқатының жақсарып келе жатқанының белгісі деп білемін. Алдағы уақытта кәсіпкердің бастаған кәсібі дамып, жаңа асхана халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, – деді ардагер-ұстаз Дәмелі Жалғасбаева.

  Осы орайда айта кеткен жөн, асхананың бір мезетте 150 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Тағы да оқыңыз: