Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы Жосалы кентінде жаңа туған жас келіншек Жадырасын Аманжолова перзентханада көз жұмды.
Марқұмның туыстары бұл іске дәрігерлерді кінәлап отыр. Олар перзентханадағы акушер гинекологтардың жұмыстан кетуін талап етеді.
Айы-күні жетіп, толғақ қысқан соң перзентханаға жеткізілген марқұмның босану процесі ауыр өткен. Бауырларының айтуынша, дәрігерлер шұғыл әрекет жасамаған. Жадырасын Аманжолова ауыр босанудан кейін көп қан жоғалтып, оған ота жасалған, осылайша оның жатырын алып тастаған. Отадан соң 6 күн ес-түссіз жатқан жас келіншек сол күйі оянбастан көз жұмған. Оның артында үш баласы қалды.
“Дәрігерлердің айтуынша Жадыра өзі кінәлі екен. Ол операцияға келіспеген. Дәрігерлер баланың жамбаспен келіп тұрғанын біле тұра, шұғыл ота жасамаған. Негізі ота жасау керек еді. Ал бұл кісілер жоққа шығарып отыр. Ақиқатына жетіп әрі қарай ізденгіміз келеді. Бізге түнде 3-те жүріп кетті деді. Бізге берген выпискада уақыты сағат 1:30 деп тұр”, – марқұмның туысы Құралай Аманжолова.
Қара жамылған отбасы Жадырасынның жұмбақ өліміне дәрігерлердің жауап беруін талап етіп отыр. Көкейдегі күдік сейілер емес. Себебі бұл перзентханаға қатысты жұрт арасында теріс пікір көп дейді.
Ал Айым Сырымбетованың екі келіні бірдей бес айлығында түсік тастаған. Айтуынша, перзентханаға іші ауырып, шағымданып келсе де дәрігерлер оларды жөнді қарамай, қайтарып жіберген. «Дәрігердің ота кезіндегі қателігінен үлкен келінім ана болу бақытынан айырылды» дейді.
“Негізі терең кесіп жіберген, бұл кісінің де жатырын алып тұр. Бұл кісі қансырап өлім аузынан қалды. 4-5 күн реанимацияда жатты. Балаға қарамаған, балада гематома бар. Осы кезге дейін әлі бір педиатр не болмаса басқа дәрігер келіп тексерген жоқ. Бас дәрігер Нысанбаев Бақытжаннан бастап бәрі қаралсын”, – дейді дәрігерлердің қылығына ашынған тұрғын Айым Сырымбетова.
Бұл мәселеге аудандық аурухана бас дәрігерінің айтар өз уәжі бар.
Оның айтуынша, Жадырасын Аманжолованың қазасына қатысты арнайы сараптама тағайындалған, қорытындысы әлі шықпаған. Бірақ ол ауданда түсік тастау дерегінің жиілегенін жасырмайды. Оның пікірінше, оған жас аналардың жүктілікті жоспарламауы себеп болып отыр.
“Қызметтік тексеріліс жүргізіледі. Сот-медициналық эксперттің қорытындысынан кейін, егер оның құрамында қылмыстық іс болатын болса қылмыстық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Түсік тастаулар көп, өйткені жоспарлау керек, туу мәдениетін үйренуіміз керек. Халыққа да осыны айтамын мен”, – дейді Қармақшы аудандық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.
Дегенмен, марқұмның туыстары заң орындарына шағымданбақшы. Сонда ғана перзентханадағы келеңсіздіктерге балта шабылады дейді. Алайда шаранасынан тумай жатып, айрылған ана мен анасыз қалған жетімдердің қайғысы онымен де жеңілдемейді.
