Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жас түлектерді жұмысқа орналастыру және жастарды жұмыспен қамту бойынша республика көлемінде бірыңғай 1 маусым – 30 маусым аралығында «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтуде.
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеде жастарға арналған бос жұмыс орындары және мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Аталмыш жәрмеңке сәрсенбі күні аудан орталығындағы алаңда жалғасты. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы қатысып, сөз сөйлеп, жастардың жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жиын барасында жастар саясатының дамуына белсенділік танытып, табысты еңбек етіп жүрген жастарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Жәрмеңкеге жиналған жастармен бірге аудандық білім бөлімі, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі, аудандық аурухана, аудандық кітапхана мамандары қатысты.
Жастардың еңбекке деген ұмтылысы қуантарлық жағдай. Өз елінің көркеюі үшін аянбай адал қызмет еткен жас ұрпақ – ертеңгі мемлекетіміздің гүлденуіне себепші болары сөзсіз. Сол себепті олар өз тарапынан тиісті сала мамандарына жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, денсаулық салалары, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайында сұрақ қойып, ақпарат алмасты.
Мұнан соң жиналған көпшілік жәрмеңке аясында ұйымдастырылған түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.