Kyzylorda-news.kz Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертеңнің де болмайтындығы белгілі жәйт. Өткенді ойласақ, халқымыздың бір басына түскен тауқымет ауыртпалығының аз емес екенін айқын сезінеміз. 1928 жылғы кәмпеске науқанында мал-мүлкінен тып-типыл боп айрылып, тақыр жерге отырып қалған қазақ халқының дәл сол тұстағы ауыр азабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді ес жиып, етек жаба бастағанда 37-ші жылдың зобалаңы басталып та кетті. Аштық пен тапшылықтың тауқыметі өз алдына, елдің астаң- кестеңін шығарған депортация дүрбелеңінің зардабы қаншама! Оны бір халықтың ғана емес, күллі адамзат баласының басына түскен қаралы күн, айықпас дерт таңбасы десе де болғандай. Бұл туралы Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Гүлмира Өтегенова мәлімдеді.
Сырдарияның суы көктемде арнасынан асып, сай-саланы қуалап жан-жаққа кетіп жататын. Сол сай салалардың бірі – Қашқансудың табаны терең өзек еді. Өзекке су тоқтататын бөгеттер жасалған. Шомдап қара буралар салынған. Одан да су тоқтамаған. Бөгелген жерден су ағып, жан-жаққа қаша бергеннен тұрғылықты халықтар жердің атын Қашқансу деп атаған.
Сол кезеңде еріксіз жер аударылып, тақсырет қамытын мойнына ілген көптеген ұлт пен ұлыстың, шағын этностардың қаралы күштері қазақ жеріне қарай ағылып келіп жатты. Жол азабын тартып, әбден жүдеп-жадаған, әлсіз, ашқұрсақ жандардың бет жүзіне қараудың өзі де тым ауыр еді. Қазақтың көнекөз қариялары: «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра, Жылағанның мүңы бар, күлгеннің сыры бар» деуші еді. Сол айтқандай, қайғымен қан жұтып, арып-ашып келген азалы елдің адамдарын қазақтар жөн-жосығын сұрап жатпай-ақ төрінен жәй беріп, өз орталарына алды, қайрымдылық көмегін көрсетіп, қамқорлығын жасап бақты. Кәріс халқы айтады екен: «Тіршіліктің түзу жолы жоқ» деп. Ата-бабалары айтып кеткен осы ұлағатты сөзді берік ұстаған олар тағдыр тәлкегі мойындарына салған ауыртпалықты үнсіз көтеріп, сағын сындырмады, аш-жалаңаш жүрсе де, сыртқа сыр бермей, белін бекем буып, білек сыбанып еңбек етті. Сөйтіп аз уақыттың ішінде-ақ бой түзеп, өсіп-өркендеді, ұйымшылдық ұйтқысын жасап, ұлттық болмысын сақтай алды. Міне, мұның өзі ұлттық рухтың тектілігін көрсететін тамаша қасиеттер емес пе?
Әлем кең, тіпті сол басы да, аяғы да жоқ, ұшы-қиырсыз боп көрінгенімен өз табиғатында біртұтас нәрсе. Қазақ «Адамның күні адаммен» деп пәлсафалық ой түйіндегенде жер бетіндегі халықтардың бірінсіз бірі өмір сүре алмайтындығын, өзара аралас-құралас жүргенде ғана өсіп, өркендеп, кемел өркениетке жететінін меңзеп айтқан болар-ау. Тарихқа жүгінсек, мұның алдында да халықтардың бір елден бір елге көшу үрдісі болған. Бірақ ол еркін, ерікті әрі бейбіт қоныс аударулар болатын, ІІ Николай тұсында қытайлар Ресейде жол салған. Сонау батыстағы тұманды ел - Ұлыбританиядан артынып-тартынып келген ағылшындардың орталық Азия елдеріне теміржол тараптарын жеткізгені белгілі. Осылайша әр елдің халықтары бір-біріне барып, өнері мен іс тәжірибелерін ортаға салған.
Тарих бетін парақтасаңыз, бұның бәрі сталиндік зобалаңнан басталған. 1937 жылы қыркүйекте Қиыр Шығыстан корей халқын Қазақстанға көшірді. Соның бірсыпырасы Қармақшы жеріндегі «Қашқансу» ауылдық кеңесіне қоныс аударды. Пак Ин Кван, Цай Ден Хак, Ким Тен Сем сияқты азаматтар жаңа өңірде еңбек туын желбіретті. Егін егуді қолға алып, соғыс жылдарында осы колхоз диқандары 215 гектар күріштен 3689 центнер өнім алғаны туралы дерек те бар.
Соғыс демекші, бұл ауылға түріктер де қоныстанды. 1944 жылы Грузиядағы Месхетия таулы өңірінен түріктер қазақ еліне жер аударды. Сол уақытта Қармақшыға 28 отбасы келді. Жергілікті қазақтар бұл ағайынды да қабақ шытпай, қамқор көңілмен қарсы алды.
Жалпы бүгінгі ауыл атауы ілгеріден бар дедік қой. Сол кездегі Қашқансу табанындағы «Черновная земля», ІІІ Интернационал мен сол уақыттағы Бозарқаш ауылдық кеңесіне қарасты «Утренняя заря» колхозшылары бірігіп, жаңа колхоз құруға бекінді. Бұл 1950 жылы болыпты. Жаңа колхоз «ІІІ Интернационал» деп аталып, оның председателі болып Цай Ден Хак сайланады. Бүгінде ауылдың тік тұруына бірден-бір себепкер корей азаматы 1984 жылға дейін колхоз басшысы болған.
Тіршілік атауында түзу жол жоқ. Керісінше олар түрлі бұралаң мен қисық тағдырдың салмағына төзді, көтере білді. Ата-бабалары айтып кеткен осы нақыл сөзді берік ұстаған корейлер сол кезгі ауыртпалықты үнсіз көтеріпті. Әлі де сыртқа сыр бермей, бір-бірінің сағын сындырмастан, біріге еңбек етіп келеді.
Қармақшыда қоныстанған 30 шақты корей отбасы қазір едәуір көбейген. Түтін саны 60-қа жуықтаған олар қазақ халқымен қолтықтаса, тату-тәтті өмір сүруде.
Қашқансудағы ауылда қазақ, түрік, кәрістермен бірге орыстар, украйндар, беларустар, татарлар, өзбектер, курдтар өмір сүріп, тәуелсіз еліміздің байлығы мен рухани қазынасын молайта түсуге өздерінің күш – жігерін жұмылдырып келеді. Осындай татулық пен ынтымақ, өзара берік сенім тұрғанда ел іргесі ешуақытта шайқалмақ емес. Тәуелсіздік туы биік әрі берік болғай.
Қорлан САРЫ
Фото: syrboyi.kz
