Kyzylorda-news.kz. Еліміздегі ең күрделі және жауапты сала – әлеуметтік сала екені және ол қай кезде де басты назарда екені белгілі. Осы бағытта әлеуметтік саланы реформалау мақсатында 1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №926 Қаулысымен Республикалық Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық құрылды, ал 1997 жылдың қараша айында Қармақшы аудандық бөлімі құрылып, мекеме басшысы Әділхан Мырзақұловтың басқаруымен жұмысын бастады. 2016 жылы мекеме атауы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы болып атауы өзгерді.
Бөлімде штат бойынша 6 қызметкер ұжым аудан халқына сапалы қызмет көрсетуде. Содан бері аудан бойынша әлеуметтік салада өзіндік орны бар аудандық бөлімнің атқарар жұмыстары алуан түрлі. Бөлім басшысы Әділхан Сейітжанұлы басқаратын ұжым ел-жұртқа «зейнетақы төлем орталығы» деген атпен таныс. Қазіргі жаңа атауын мұнда бас сұғып жұмыспен келгендердің бірі білсе, бірі біле бермейді.
Бөлімнің негізгі қызметі келіп түскен өтініштерге сәйкес зейнетақы мен жәрдемақы құжаттарын қалыптастырып, уәкілетті орын арқылы бекітілген шешімге сәйкес қажеттілікке қосып, уақытылы кезеңге сәйкес төлем жүргізу. Дүниеге шыр етіп келгеннен бастап қарттық кезеңге дейінгі әлеуметтік жағынан қолдайтын төлем жүргізетін үлкен құрылғы деп те қарауға болады. Әсіресе елімізде пандемияға байланысты төтенше жағдай уақытында да бұл мекеме жұмысын тоқтатпастан әлеуметтік қолдау ретінде қордан төленген 42500 теңге төлемін жүргізді.
«Карантин уақытында күн-түн демей 20 мыңға жуық тұрғынға 42500 теңге төлем жасадық. Ол кезде демалу дегенді білмедік. Сенбі, жексенбі күндері де ішке келіп жұмыс істеген кезіміз болды. Іштегі 4 маман өз кәсіби біліктілігін көрсете білді. Әріптестерімнің еңбегін ерлік деп санаймын. Бала-шаға, отбасы дегенді ұмыттық десек те болады. Бірінші орында – халыққа қызмет ету», – дейді бөлім басшысы Әділхан Мырзақұлов.
Жыл сайынғы инфляция деңгейіне байланысты Заңдар мен Қаулыға сәйкес зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін қайта қарау жұмыстары жүргізіледі. Ай сайын аудандық бөлімшеден республикалық бюджеттен 13245 төлем алушыға 670,61 млн теңге, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 50,2 млн теңге қаржы төленіп отыр. 2023 жылдың төрт айында 2883 млн теңге төленген, 1544 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 1180 электронды түрде түскен. Қазіргі заман талабына сай цифрландыру саясатына байланысты, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер де қазір мемлекеттік органдардың базаларын оңтайландыру арқылы электронды проактив арқылы көрсетіліп отыр. Жалпы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтердің 100%-ын электрондық форматқа, оның ішінде кемінде 60%-ын проактивті форматқа көшіру міндеті тұр. Проактивті қызмет түрі – қызметті берушімен алушының байланысын болдырмайды, қызмет көрсету уақытын барынша қысқартады, қағазды құжаттарды жинаудың және уәкілетті органдар қызметкерлерінің қатысу қажеттілігін жояды.
Сондай-ақ «Каспий» мен «Халық банк» қосымшалары арқылы әлеуметтік жәрдемақының бірнеше түрін алуға өтініш беру қарастырылды. Мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтар үшін смс-хабарлама арқылы баланың тууын тіркеуге, жәрдемақы рәсімдеуге мүмкіндік беретін проактивті қызмет қарастырылған. Жәрдемақы және әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін осы банктердің бірінің мобильді қосымшасында «мемлекеттік қызметтер» бөлімін тауып, тиісті мемлекеттік қызметті таңдау және дербес деректерді өңдеуге келісім беру қажет. Өтінім жіберілген соң, ол мемлекеттік орган тарапынан қаралып, қызмет алушыға оны қарау нәтижесі және төлемдердің тағайындалған сомасы туралы смс-хабарлама жіберіледі. Қазіргі таңда электронды үкімет порталы арқылы, жұмыспен қамту орталығы, медициналық сараптама орталығы, перзидент аппараты және жеке тұлғаның мемлекеттік мәлімет базасы арқылы – бала туу және бір жасқа толғанға дейінгі жәрдемақы, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы, мүгедектігіне байланысты жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері ретінде марапатталған көп балалы аналарға төленетін жәрдемақы және 4 және одан да көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар тағайындалып, аудандық бөлім арқылы төлемі жүргізілуде.