Kyzylorda-news.kz. Жақында тіл жанашырлары құрамында аудандық мәслихат депутаттары Дастан Буханов, Мырзаш Бекбаев, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева, аудандық Мәдениет және спорт бөлімі өкілдерінен тұратын арнайы топ көрнекті ақпарат өнімдерінің «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талабына сәйкес кезекті рейд жасап, мониторинг жүргізді.

Мониторингте  аудандағы орталық көшелерде орналасқан шағын және орта бизнес субьектілері қамтылды. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл заңнамасы талаптарының сақталуы, сапалы қызмет көрсету және көрнекті ақпарат мәтіндерде қателерді болдырмау. Мониторинг барысында орын алған бұзушылықтарды жою бойынша  ұсыным-хаттар табысталып, көрнекті ақпарат пен жарнама өнімдерін тіл заңнамасы талабына сәйкес рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір сауда орнының маңдайшадағы жазуы өшіп,түсіп қалған. Бұл бойынша меншік иелеріне хабарланды. 

Батыр Бауыржан Момышұлының «Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген сөзі қашанда әр қазақтың жадында тұруы тиіс. Тіл тазалығын, заңдылығын сақтау бойынша іс-шаралар алдағы уақытта да жүргізіледі. Тілге құрмет жасау баршамыздың міндетіміз екенін ұмытпайық!

Тағы да оқыңыз: