Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы, Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округіндегі №185 мектепте ата-аналардың «Тәрбие отбасынан басталады» атты кездесу кеші өтті.
Иә, адамзат қоғамының ең басты бейнесі – отбасы. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Отбасы – шағын мемлекет, қоғамның негізі болып табылады. Қоғамды құратын азамат атаулы отбасында өсіп өрбиді, тұлға болып қалыптасады.
Еліміздің ертеңгі ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің мақсатымыз деп ойлаймын. «Тәрбие отбасына басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Отбасының қоғамдағы мақсаты: баланы дамытып қана қоймай, оны өмірге дайындап, рухани жағынан жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру.
Осы орайда, «Тәрбие отбасынан басталады» атты тақырыпта сала мамандарын тарта отырып Қармақшы ауданы, Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округінің №185 мектебінде ата-аналарының қатысуымен кездесу өткізілді.
Кездесуге аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова, АПб-нің ЖПҚб-нің ЮПт қызмет аға инспекторы полиция майоры Г.Исмайлова, Әйелдерді зорлық-зомбылықтың қорғау тобының инспекторы полиция капитаны А.Касимова қатысты.
Кездесуде отбасындағы әйелдерге және жасөспірімдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу жөнінде құқықтық кеңестер беріліп және де жалпы отбасындағы құндылықтар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесу соңында әйелдер тарапынан өздерін толғандырған сұрақтарына керек мағлұматтармен жауаптарын алды.
