Kyzylorda-news.kz. Жақында Қармақшы аудан әкімдігінің қолдауымен, Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Абдулла Мырзабеков атындағы «Сырлы әуен» атты облыстық үрмелі аспапта орындаушылар арасындағы байқауы өтті.
Оның мақсаты – талант иесінің өнерін дәріптеу, өнер әлемінің биігіне қанат қаққан жас таланттардың орындаушылық шеберлігін арттыру мен үрлемелі аспапта орындаушылық жанрын дамыту. Киелі топырақтың өнерін дәріптеп, аудан мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан, халқының сүйіспеншілігіне бөленген өр перзенті, талант иесі Абдулла ағамызды дәріптеу, өнер әлемінің биігіне қанат қаққан жас таланттардың орындаушылық шеберліктерін арттыру мақсатында өткізілген облыстық байқауға 9 өнерпаз қатысып, өзара бақ сынасты.
Өнерге деген жастардың бойындағы талпынысты арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, әрі қарай шығармашылық белсенділікке ынталандыру, көркем білім деңгейін арттыруда өткізілген байқауға облыстық филармониясының камералық ансамбль әртісі Үсен Есмұрзаев, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұзаева, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Мұхаммедқали Бағатов қазылық етті.
Байқау қортындысы бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласынан келген өнерпаз Мақсат Сахиев қанжығасына байлады. Ал І орынға Қазалы ауданынан Еркебұлан Абай жайғасса, ІІ орын Шиелі ауданының өнерпазы Қуаныш Нәсіпбекке бұйырды. ІІІ орынды Қазалы ауданынан келген Бағлан Сыздық иеленіп, арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Байқауға қатысқан өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.