Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы Жосалы кенті орталығындағы №4 округке қарасты №98 сайлау учаскесі науқанға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Таңнан бері сайлау учаскесіне қарай ағылған дауыс берушілердің қарасы қалың.

Бұл сайлауда алғашқылардың бірі болып Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы өз таңдауын жасады.

– Келешек ұрпақ ештеңеден қысылмай, бақытты өмір сүргенін қалаймын. Бірде-бір сайлаудан қалыс қалған емеспін. Жерлестерімді де бүгінгі саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын, – деді аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы.

Ал №105 мектеп-лицейінің ұстаздары саяси науқанға ерекше дайындықпен келгендерін көрсетті. Ұлттық киіммен келген ұстаздар өз таңдауын жасап, дауыс берді.

Сонымен бірге наурыз мерекесі қарсаңында дауыс беруге келген тұрғындарға аулада наурыз көже мен айран бауырсақ дайындалып, таратылды.
№98 сайлау учаскінің төрайымы Г.Еркебаеваның айтуынша, биылғы сайлаудың ерекшелігі дауыс берушілерге 1 бюллетень емес, түрлі түсті бес қағаз беріледі. Тұрғындар Мәжіліс және облыстық және аудандық мәслихат депутаттарын таңдауда.

Бірінші келіп дауыс берген тұрғындарға арнайы сыйлықтар табысталып, ынталандыру сыйлықтары берілді. Осылайша қармақшылықтар сайлауға белсенді қатысып жатыр.

 

Тағы да оқыңыз: