Kyzylorda-news.kz. Ұлтымыздың, сондай-ақ мемлекеттің ең басты байлығы, ерекше белгісі, бөлінбес бөлшегі болып табылатын қазақ тілін тек білу ғана емес, көздің қарашығындай сақтай және дамыта отырып, оны ұрпақтың келесі буынына жеткізу – әр азаматтың қасиетті парызы. Ал мемлекеттік тілдің заңды мәртебесіне лайық қызмет етуін ең алдымен атқарушы билік, мемлекеттік қызметшілер қамтамасыз етуі керек. Бұл жалпы жұртшылық осынау игі істен қалыс қалуы керек деген сөз емес. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы өз маңына тіл жанашырларын, белсенді азаматтарды топтастыра отырып, мемлекетік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолдануын бақылауға алып, тілбұзарлықпен күресуде.

Қай жерде болмасын ең алдымен көрнекі ақпарат көзге түседі, осы шындық болмысты бейнелеудің жоғарғы қалпы ойлауға, сондай-ақ мінез-құлықты қалыптастыратын, өзгертетін психологияға әсер етеді. Көрнекі ақпараттың қазақ тілінде анық, қатесіз, көз тартарлық болуы кентке көрік беріп, адамдардың назарын өзіне аударып қана қоймайды, таңбалық қызмет арқылы ойды білдіреді, оның материалдың тірегі болып табылады. Тіл тазалығы – ар тазалығы екенін еске салып ай сайын осындай жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесін беріп келеді. Кент орталығындағы Көшербаев көшесінде ораласқан «Эльнұр» сауда дүкенінің жарнамасында жазылған «Я – Жосалы» деген деген үлкен жазу «Мен – Жосалы» деп өзгертілді. Сондай-ақ маңдайшадағы қисайған, түсіп қалған әріптер қайта жаңаланып ілінді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Бауыржан Қайырбаев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі қызметкері және тіл жанашырларымен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарына сәйкес кәсіпкерлік нысандарға жарнамалардың талапқа сай жасалуына, маңдайшалардың әріптері түскен, қате жазылған жазуларға ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген рейд жасалды. Бірқатар нысандарды аралап дәмхана, мейрамхана, дүкендер мен тағы басқа жалға берілетін ғимараттардың сыртқы келбетіне көңіл аударылып, ғимарат иелеріне бірқатар ескертпе жұмыстары жүргізілді. 

«Біз мемлекеттік мәртебеге ие тіліміздің тазалығын сақтауға тиіспіз. Сондықтан қоғамда осындай күнделікті кедесетін көрнекіліктердің сауатты, дұрыс жазылуын қадағалау, тілге сақшылық көзқараста болу әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз деп ойлаймын. Көрнекі ақпараттағы заңдылықты сақтамау, қателік көзге бадырайып көрініп тұрады. Бірақ көп адам соған мән бере бермейді. Біздің әрқайсымыз тіл күрескері болуымыз керек», – дейді аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Бауыржан Қайырбаев. 

Ал тіл жанашыры Асқар Дәулетбаев: «Шынар ана» жолаушылар тасымалдау мекемесі автобустарының есігінде «вход», «выход» деп жазылған. Оны «кіру», «шығу» деп өзгертуге болады ғой. Күнделікті адамдар көп жиналатын орындарда тілімізге деген құрмет әрбір қазақ азаматының өзіне байланысты.  Мынадай теріс пікір бар. Үлкен қалаларда, солтүстік облыстарға қарағанда бізде шүкіршілік дейді. Олай болмайды. Сөйлеу тіліміз де, көрнекі ақпарат та таза қазақ тілінде болуы керек. Бұл – тәрбие, жастардың елжанды болуына әсер етеді. Алдымен өзімізді түзейік, содан кейін басқаларды да түзейміз» деген пікірді өзгелерге насихаттап жүр.

Рейд барысында түрлі меншіктегі мекемелердің атауы болмаса, басқа көп қателік көрінген жоқ, бұл да үнемі жүргізіліп отырған жұмыстың нәтижесі. Меншік иелеріне орысша, басқа да шетел тіліндегі атауларға үйір болмау жөнінде ескертілді.

Тағы да оқыңыз: