Kyzylorda-news.kz  Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек және облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Тынарбайұлының қатысуымен құқық бұзушылық профилактикасы бойынша мәжіліс өтті.

Мәжіліске аудандық сот төрағасы, құқық қорғау органдары мен бөлім басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алудағы профилактикалық шаралардың тиімділігі, пробация және IIO есебіндегі азаматтар мен бұрын сотты болғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету шаралары, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасап, есептері тыңдалды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, алаяқтық, мал ұрлығы, жол қозғалысы қауіпсіздігі, топтық төбелес және тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ, жиын барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары «Қылмыссыз ауыл» жобасын жүзеге асыруды ұсынып, алкоголь өнімдерінің заңсыз, белгіленген уақыттан тыс сатылуына тосқауыл қою, елді мекендердегі құқық бұзушылықтарды жергілікті тұрғындармен бірлескен тәртіпте ырықтандыру мәселесін көтерді.

Одан кейін, пробациялық бақылаудың жайы мен қайта қылмыстың алдын алу, есептегі тұлғаларды жұмыспен қамту және мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша уәкілетті органдарға міндеттер жүктелді.

Мәжіліс соңында аудан басшысы ауданға арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген Исламбек Тынарбайұлына алғысын білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.

Тағы да оқыңыз: