Kyzylorda-news.kz Қармақшы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Отбасындағы тәрбие – береке мен бірліктің бастауы» тақырыбында білім беру ұйымдары бойынша тәрбие саласы қызметкерлері мен аудандық ата-аналар комитеті төрағаларының бірлескен келелі кеңес отырысы өткізілді.
Кеңес отырысы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиеваның төрағалығымен жүргізілді. Кеңейтілген кеңестің күн тәртібіне сәйкес, білім бөлімінің әдіскері Айжан Тоқшылықова құндылыққа бағытталған ата- аналар мен жүргізілген жұмыстарға тоқталып, мектептер бойынша ата-аналар комитетінің әрбір жұмысына талдау жасады. Сонымен қатар «Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында №105 мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Қазақбаева Көптілеу анамыз сөз алып, бүгінде ата-аналар балалар болашағына аса мән беріп, мектеппен байланысты күшейтуде маңызды атқарылар шараларға белсендігі жоғары екендігін жеткізді.
«Ата-ана кеңесімен жүргізілген жұмыстар» бағытында Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Айдынбек Іскендіров атқарылып жатқан жұмыстарға баяндама жасаса, «Бала тәрбиесі баршамызға ортақ» тақырыбында №121мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Асқар Даулетбаев балаларға берілетін мектеп пен үй жағдайындағы немесе отбасындағы тәрбиенің кей тұстарында қиындық туғызатын қазіргі қоғамның проблемалық мәселелерін ашық айтып, өзіндік ұсыныстарын ортаға салды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева бүгінде жасөспірімдерге саналы тәрбие беру бүкіл қоғамның, оның ішінде осы салаға жауапты мамандар мен аға буын өкілдерінің міндеті екендігін айқындай келе, құқық бұзушылық, суицид, ерте жүктілік, нашақорлықтың алдын алу мақсатында бірінші кезекте тәрбие мәселесіне баса назар аударып, осы тұста мектеп, отбасы және ұстаз арасындағы өзара сабақтастық, бірлік және ынтымақтастық үйлесіммен жұмыс әлі де күшейтілу керектігін айтты. Сондай-ақ, келелі жиын соңында аудандық ата-аналар комитеті мүшелерінің шешімімен бірқатар мектептер бойынша ата-аналар комитетінің жаңа құрамы сайланып, аудан бойынша ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде Мағауия Әлиев жаңадан сайланды.
