Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы орталығындағы Мемлекеттік Рәміздер алаңында егемен еліміздің айбынды мерекесі – Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбек, аудан ардагерлері, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері, құқық қорғау органдарының және үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, белсенді жастар қатысты.
Мерекелік іс-шараның алғы сөзінде аудан әкімі бейбіт елдің тыныштығын қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауы мен қамқорлығының арқасында Қарулы Күштеріміздің айбыны асқақтай түсті. Бүгінде еліміздің шекарасын, аумақтық тұтастығын қорғау үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ең бастысы, жауынгерлеріміздің бойында отаншылдық рух күшейіп, әскери қызметтің абыройы мен беделі көтерілді. Бүгінгі мерейлі мерекеде өз қызметін мінсіз атқарып жүрген азаматтарға зор алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне облыс, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, су басқан өңірлерге барып, көмек көрсеткен жүк көліктерінің жүргізушілері мен гуманитарлық көмек жіберуге атсалысқан еріктілер марапат төрінен көрінді.
