Kyzylorda-news.kz  Экономиканың басты тірегі – өнеркәсіп. Онсыз өсу де, өркендеу де болмақ емес. Ал халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуда өңдеу өнеркәсібінің ықпалы өлшеусіз. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты өткен жылдың 1 қыркүйектегі Жолдауында «жаңа экономикалық бағдар» аясында өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруді жүктеді. Былтыр бұл салада бірнеше салмақты жоба іске қосылды. Ал биыл серпінді жобалардың үлкен тобы өмірге жолдама алмақ. Қазірдің өзінде сала қарқыны жақсы. Үкіметтің дерегінше, өткен жылы шикізаттық емес сектор экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналды.

Ел Президенті шикізаттық емес салаларды өркендетуде бірнеше мақсат-міндет белгіледі: осы арқылы біріншіден, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізі қалыптастырылады, екіншіден, қажетті тауарлармен өзімізді толық қамти алатын жағдайға жетуіміз қажет. Үшіншіден, жаһандық мамандануда Қазақстан тез таусылатын шикізаттың қоймасы болып қалмайды, дүниежүзілік нарықтарды дайын өнімдерімен жаулайды.

Қармақшы ауданында қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуда ең бірінші басымдық өңдеу өнеркәсібі саласына берілуде. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдар өндірісін айтқан жөн. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында елде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырған болатын. Мәселен, облыста құс етіне қажеттілік жылына 14,1 мың тонна. Осыған дейін оның барлығы сырттан келді. Енді өнім өзімізде өндірілетін болды. Өткен жылы жұмысын бастаған Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы іске қосылып, алғашқы өнімі шығарылды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жобаны қолға алған кәсіпкер, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев.  Жалпы 3 млрд теңгеге іске асқан жобаның бастапқы 456 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бөлінді. Кәсіпкер 2022 жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 880 млн теңге жеңілдетілген несие алып, құс фабрикасын жабдықтады. Жергілікті атқарушы орган инфрақұрылым жүйелерін тартуға қолдау көрсетті. Индустрияландыру бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 443,2 млн теңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы толық жеткізілді.

Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газоблоктар өндіретін шағын зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Өңірлік Инвестициялық орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендірілді. Жоба іске қосылғанда 10 жаңа жұмыс орындары ашылады. Өндіріс желісінің құрал-жабдықтары жеткізіліп, өндіріс желісін орнатып, жақында іске қосуды жоспарлауда.

Мұнан өзге ІІІ Интернационал ауылдық округінен жеке кәсіпкер Г.Рагибованың мал бордақылау алаңы және сою цехының құрылысын салу жоспарлануда. Жоба құны – 300 млн теңге. Жобаны іске асыруға қажетті 2 гектар жер телімі берілді. Мал бордақылау алаңында бір мерзімде 100 бас жылқы, 100 бас мүйізді ірі қара және 200 бас қой бордақылау жоспарланған. Сонымен қатар, перспективада ет өңдеу цехын (шұжық цехы) ашу көзделуде.

Өңдеу өнеркәсібін өзектендіру – уақыт талабы. Мемлекет басшысының серпінді жобаларды, өңдеу өнеркәсібін шикізатпен жеткілікті көлемде және тиімді бағамен қамтамасыз ету тапсырмасы орындалу үстінде. Мұның бәрі табысты жүзеге асса, өңдеу өнеркәсібінің өнімі «жас өскіндей» өнуі мүмкін.

Тағы да оқыңыз: