Kyzylorda-news.kz Наурызнаманың төртінші күні – Шаңырақ күні. Осыған орай, Қармақшы аудандық Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде «Отбасым – бақыт мекенім» атты жас отбасыларға арналған семинар-тренинг өтті. Онда жас отбасылардың қарым-қатынасын нығайту, бір-бірлеріне қолдау көрсету бойынша аудандық отбасын қолдау орталығының психологы арнайы тренинг өткізді. Іс-шарада отбасындағы жанжалды жағдайларды шешу бойынша практикалық құралдарды меңгеру мақсатымен дәріс оқылды.
Сонымен қатар, отбасы мүшелерін біріктіруге және бір-біріне деген сенімін арттыруға бағытталған түрлі ойын ойнатылып, қатысушылар тренингтегі әр тапсырманы қызыға орындады.
Жуырда ғана жұмысын бастаған аудандық отбасын қолдау орталығы да бүл күнді елеусіз қалдырмады. Мұнда көпбалалы және жас отбасылардың қатысуымен «Жарасымды жанұя» тақырыбында кездесу өткізіліп, отбасы құндылықтары кеңінен дәріптелді.
Іс-шараға қатысқан аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Рахат Қожанов және көпбалалы отбасы Әділет Қаршыға әрбір азамат өз жанұясының тәлім-тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керек екендігі жөнінде сөз қозғап, Наурыз мейрамына орай ізгі тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ осы күні «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Байқоңыр қалалық АХАТ бөліміне “Отбасы құндылықтарын дәріптеу күні” қарсаңында неке тіркеуіне келген жас жұбайларға әулеттің ұйытқысы саналатын ардагер ағалар мен елге сыйлы, үлгі-өнегесімен танымал көпбалалы аналар жас жұбайларға ұлттық ұғыммен шаңырақты сақтауды тілеп, ақ баталарын берді.
