Kyzylorda-news.kz. Музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын мәдени орталық. Елдің өткен шағының шежіресі, көненің көзіндей жауһар жәдігерлер жинақталған қастерлі ошақ та осы музей. Оның табалдырығынан аттаған сезімтал жанды сөзбен айтып жеткізуге болмайтын толағай тербелістер құдіреті баурап алары анық.
Халқымыздың сан ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгіні, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің маңызы зор. 18 мамыр – Халықаралық музей күні. Әлемнің 150-ден астам елінде аталып өтетін бұл кәсіби мереке Қармақшы ауданында да жалғасын тапты. Мерекеге орай аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне арнайы барып, музей қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барсында сала қызметкерлерін аудан басшысының атынан кәсіби мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, музей ісі саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар сала қызметкерлеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, құрмет көрсетті. Мерекелік жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.