Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданына қарасты ауылдарда мерекеге орай түрлі салтанатты кештер мен мерекелік жиындар ұйымдастырылуда. Соның бірі ауданға қарасты Қызылтам ауылында өтті.
Қармақшы ауданындағы Қызылтам ауылдық №79 негізгі мектебінде «Зере» аналар клубының ұйымдастыруымен «Жылылық күннің көзінде, өсиет әже сөзінде» тақырыбында мерекелік жиын болып өтті. Мерекелік жиынның алғашқы құттықтау сөзін мектеп директоры Сәуле Әбікенова алып, барша аналарды,қонақтарды мерекемен құттықтады.
Ауылымыздың батыр аналары, асыл әжелері қатысып, оқушыларға, жастарға өсиет сөздерін айтып, батасын берді. Сондай-ақ өмірден озған батыр аналарды еске алып, өмірбаяны мен еңбек жолы туралы түсінік берілді.
Жиын барысында Жастар денсаулық орталығының психологі Әмина Кетебаева, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Әбен Қаракөзиев, Аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова қатысып, мерекелік құттықтау лебіздерін жеткізді.
Құрметті қонағымыз Әмина Кетебаева ақ жаулықты аналарға арнап өлең оқыды. Іс-шара барысында облыстық, аудандық құрмет грамотасымен мектебіміздің ұстаздары марапатталды. Жиында оқушылар, ата-аналар, ұстаздар өнер көрсетті, би билеп, мерекеге әннен шашу шашылды.
