ФОТО

Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Сыр өңірінде кәсіпкерлік қанатын кеңге жайған. Соның айқын дәлелі аймағымыз бизнеске қолайлы өңірлердің бірі. Мемлекет берген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашып, дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Сол сөзіміздің дәлелелі ретінде Қармақшы ауданын алуға болады.

Қармақшы ауданындағы сала мамандарының айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен кәсіпкерлік салада өсім бар. Бүгінде 4000-нан аса кәсіпкерлік субъект жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 57 жоба 382,9 миллион теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде «2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде несие сыйақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша 8 жоба 121,5 миллион теңгеге екінші деңгейлі банктерден несиелендірілді. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 15 жоба 61,9 миллион теңгеге несиелендірілді. «Қызылорда» Өңірлік Инвестиция Орталығы»  арқылы 34 жоба 199,5 миллион теңгеге қаржыландырылды. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несиелендіру үшін барлық елді мекендерде жобаларға іріктеу жүргізілуде.   Аудандық «Кəсіпкерлер кеңесінің» жұмысын жандандыру басты жоспарда тұр. Бұл кеңесте кəсіпкерлер туындаған мəселені бірлесе шешіп, жаңа кəсіп бастаушыларға бағыт-бағдар беріледі. Кəсіп иесіне арналған мұндай қолдау кəсіпкерліктің əрі қарай жандануына үлкен сеп болмақ.

Кәсіп еткенге береке алдынан шығады. Бұл рас. Қармақшы ауданына қарасты Алдашбай ахун ауылында кәсіп етіп, еңбегімен елге сыйлы болып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – 2013 жылы «Нұрай» шағын несие беру мекемесі арқылы сүт бағытында ірі қара малын сатып алып, оны іске асырған Гүлнар Қарамырзаева бүгінде осы кәсіпті әрі қарай өркендетіп келеді. Сонымен қатар кәсібін кеңейту мақсатында азық-түлік және аралас сауда дүкенін ашып, ауыл тұрғындарын күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар түрімен қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

«Жолдасым Ермек Дәдікбаевтың қолдауымен басталған кәсіптің нәсібін көріп отырған жайым бар. 2013 жылы бастаған кәсіп арқылы мүйізді ірі қара малын көбейтіп, бүгінде солар арқылы осындай жағдайға жеттім. Бағымымда бірнеше мүйізді ірі қара, бірнеше уақ мал, тауықтарым бар. Сүт те, ет те, айран да, жұмыртқа да өзімізден. Құрт, ірімшік жасаймыз. Бес балам бар. Үлкенім Рамазаным Қызылорда қаласындағы қарттар үйінде дәрігер қызметін атқарса, қызым Таңшолпан студент, ал Нұрсипат, Мұхамбетжан мен Дінислам сияқты қолғанаттарым үйдегі мал күту жұмыстарын атқарады. Отбасының ақылшысы, 87 жастағы тыл және еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, аудандық кеңестің депутаты болған Файзулла атамыз аталық батасын беріп, бақытты өмір сүруімізге қолдау көрсетуде» дейді кәсіпкер ана Гүлнар Пайызханқызы.

Мал бордақылауды кәсіп еткен

Қармақшы ауданына қарасты Алдашбай ахун ауылында әкімшілік маманы Нұрбергеннің жол бастауымен 2015 жылдан бері отбасылық кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан «Мүсілімов Серік» жеке кәсіпкерлігінің иесі Серік Мүсілімов бүгінде қажырлы еңбек етіп отыр. Серіктің өзі жұмыстарымен сапарлап кеткенімен ауласындағы мал қорада бордақы жылқыларға шем-шөп салып жатқан Гүлнұрмен таныстық. Ол отбасылық кәсіп туралы айтып берді. Бүгінгі таңда бағымда 7 жылқы бар екенін, негізінен жылқыларды бордақылап, сатқаннан кейін орнына тағы бірер тай немесе құнан сатып алып, оларды да бордақылап, ауыл тұрғындарына сататынын жеткізді. Жем-шөп те біршама қаржыны талап ететінін айта келе, үкіметтен жылқыны бағу үшін субсидия бөлінсе деген де талап-тілектері барын тілге тиек етті.

«Өзім ауылдағы №111 орта мектепте информатика пәні мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеудемін. Отағасы екеуміздің отбасылық кәсібіміз, яғни жылқы малын көбейту және бордақылау бағытындағы кәсібіміздің бүгінде нәсібін көріп отырған жайымыз бар. Одан бөлек үй жанында азық-түлік және аралас дүкенін ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырмыз. Жылқы малынан бөлек уақ малымыз тағы бар. Тауық та асырап жұмыртқасын сатып бизнес жасағымыз келеді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялардан да үміттіміз, басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіпкерлікті дамытуға атсалысуға дайынбыз» дейді Гүлнұр.

Алдашбай ахун ауылындағы әкімшіліктің бас маманы Ермек Жақановтан ауыл ахуалы жайлы пікірін білдірген болатын.

«Былтыр ауылда Омар Шораяқұлы атындағы көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, Тәуелсіздік көшесіне де ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қаржы бөлініп, жақын арада бұл жұмыстар жүзеге асырылады деп күтудеміз. Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті  дамыту мақсатында ауыл тұрғыны Рүстем Оңайсынов жылқы басын көбейтуге несие алып, жұмыстар жасап жатқан болса, 5 жас тұрғын мен 1 көпбалалы анамыз қайтарымсыз грантқа ие болды» дейді ол.

Кәсіпкерлігі қанат жайғандар

Адам баласының тағдыры өз қолында. Қандай жағдай болмасын өмірден өз орнын тауып, ел қатарлы өмір сүру, өзінің жаны сүйетін кәсіппен айналысу – адамның ерік-жігеріне байланысты. Қармақшы ауданындағы кәсіпкерлік саласы күн сайын қалыпты дамып келеді. Мәселен осы аудандағы ағаш ұстасының жөні бөлек. Мемлекет берген мол мүмкіндікті барынша пайдаланып отырған кәсіпкер Әмит Елубаев бүгінде кәсібінің нәсібін көруде.

Жастайынан ағаштан тұрмысқа қажетті заттарды жасауға қызыққан ол осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Заңды түрде жеке кәсіп ашып, кәсіпкерлікті қолға алғалы да бірнеше жылдар өткен. Бертін келе өз кәсібін өркендетуге өңірлік инвестициялық орталықтан 5 миллион теңге алып, кәсібін айналымға ендіреді. Ал кейінгі жылдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы кәсібін ұлғайту мақсатында «Даму» қорынан жеңілдетілген 4 миллион теңге несие алып, жиһаз цехін ашқан. Тапсырыспен ағаштан есік-терезе, шәй үстелі, қол жуғыш жасап көпшіліктің алғысын алуда. Ал жаз мезгілінде тұрғындар тарапынан пластиктен есік-терезеге сұраныс артады. Бұл заттардың қатары қазірде түрлі жиһазбен толықты. Цехта тапсырыс берушінің қалауына орай түрлі жиһаз дайындалуда.

«Қазіргі таңда кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан қолдау көп. Бастаған ісіңді кеңейтуге де барлық жағдай бар. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жетеді. Тек жалқаулықты жеңе білу керек. Бастаған кәсіпті өркендетуге арналған бағдарлама өте тиімді екен. Себебі өндірістік кәсіп түрлері үкіметтің қаржыландыруынсыз жүзеге аспайды. Өйткені ол үлкен мөлшердегі қаржыны талап етеді. Өзіммен бірге бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жанымдағылардың барлығы өзімнің шәкіртім. Қазір олар Қармақшы ауданындағы алдыңғы қатарлы ұсталар. Қолымнан шыққан әрбір бұйым ел игілігіне жараса – мен үшін үлкен қуаныш», – дейді кәсіп иесі.

Адал еңбектің нанын жеп отырған кәсіпкер 3 перзент өсіріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған. Бір қызығы, бұл отбасының барлық мүшесі жеке кәсіппен айналысады. Отағасы – жиһаз цехын басқарса, отанасы – киім сатады. Ал ұлы әкесімен бірге цех жұмысын жүргізсе, келіні тапсырыспен тәттілер дайындайды. Олардың басты мақсаты – тұтынушыға сапалы өнім ұсыну.

Өзінің сапалы өнімі арқылы көпшілік алғысын иеленіп отырған жиһаз цехінің иесі бір жылдары «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды. Ол жастарды ешкімге тәуелді болмай, адал еңбекпен жұмыс істеуге үндейді. Шынында да, кәсіп бастағысы келгенге жол көрсетуші кәсіпкерлік бөлім мен палатаның есігі әрдайым ашық. «Кім не береді?» деп босқа күтіп отырмай, өз қолынан келетін кәсіппен айналысуға әркімнің де мүмкіндігі бар. Елдің алғысына бөленіп жүрген Әмит Елубаевтің өнегелі өмірі еңбек еткен адамның қолынан келмейтін дүние жоқ екенін дәлелдей түскендей.

Қорқыт елінде бүгінде екі қолға бір күрек ұстап, кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткендер қатары артқан. Мәселен соңғы жылдың өзінде кәсіп ашқандар саны еселенген. Солардың бірі – Бауыржан Алпысбайұлы.

Бүгінде ол Қармақшы ауданы орталығынан көлік жөндеу орталығын ашқан. Бала күнінен техника тілін меңгерген маманның ісі ілкімді. Осыдан 7 жыл бұрын «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге несие алып, «АНС» атты орталық бой көтерген-ді. Аудандағы аса күрделі деген жүйелі жөндеулерді жүргізетін ТЖО қызметіне тұрғындар да дән риза. Сондай-ақ аталған нысанда тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қазіргі таңда елімізде мейрамхана бизнесі күннен күнге дамып келеді. Алайда солардың ішінде сұранысқа ие болу мен сапа мәселесі де өзекті. Себеп тұтынушы талғамы басты орында. Осындай мүдделер тоғысынан шыққан нысанның ғана қашанда бәсі жоғары болмақ. Қармақшыдағы «Мәлика Ана» мейрамханасы тұрғындардың талғамынан шығып отырған таңдаулы орындардың бірі. Аталған орталық 2011 жылы бой көтерген болатын. Кәсіп иесі Жанар Бұқпанова «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде тойханаға күрделі жөндеу жүргізген. Бүгінде жаңарған, жайлы мейрамханаға тапысырыста көп. Халыққа қолайлы бағада қызмет етіп отырған кәсіпкерлік нысанында тұрғындар еңбек етуде. 2020 жылы орын алған Covid-19 вирусының салдарынан енгізілген карантин бірқатар салаға түрлі өзгеріс алып келді. Қарапайым жұмыс кестесі өзгеріп, санитариялық талаптар күшейді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты кәсібін қайта бейімдегендер де, жұмыссыз қалғандар да бар. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын қазақ көп нәрседен тыйылды. Зәулім-зәулім мейрамханалар қаңырап тұрды. Десе де өмір ағымы алдыға қарай ілгерілеуде. Өзгеріске бейімделу де маңызды. Қармақшы ауданында да кәсібін уақыт талабына сай жаңғыртқандар болды. Соның бірі – Жосалы кентіндегі «Мәлике ана» мейрамханасының иесі еді. Бұрынғы мейрамхана бүгінде балақайлардың ойын орталығына айналған.

«Сол уақыттары жаз басында қажетті заттарды алып қойғанбыз. Бірақ орын алған карантин талаптарына байланысты жаңа кәсіпті іске қосу сәтін кейінге шегеру қажет болды. Солай ойын алаңын іске қостық. Талапқа сай бекітілген жұмыс кестеміз бар. Ата-аналар балаларын әкеліп, ойнатады. Күніне шамамен 15-20 бала ойын орталығына келіп тұрады», – дейді кәсіпкер Жанар Бұқпанова.

Орталықта балалардың көңіл көтеруіне барынша жағдай жасалған. Ішінде батут, әткеншек пен ойыншықтың түр-түрі бар. Отбасымен отырып, дәмді тамақ жейтін арнайы орын да қарастырылған. Мәзірде әдеттегі тағамнан бөлек фаст-фуд пен сусынның түрі көп. Алаңның ашылғанына бірнеше жыл болса да келуші қатары аз емес. Бір жасқа енді толған сәбиден мектептің бастауыш сыныбында оқитын бала да бар. Жас ерекшелігіне қарай арнайы ойыншық та табылады.

«Бұрын балаларымыз мұндай ойын алаңында тек қалаға барғанда ғана ойнайтын. Кентте ашылды дегенде қуанып, балаларымды ертіп келдім. Мәз-мейрам болып ойнап жүр. Көңілдерін көтеру үшін жиі-жиі келіп тұратын боламыз. Бөбектің шаттана күлгеніне не жетсін», – дейді ойнап жүрген балалардың әжесі.

Расымен, бұл орталықтың балаларды сан мәрте қызыққа бөлейтініне сенім мол. Оның үстіне кәсіп иелері алдағы уақытта аттракцион санын көбейтуді көздеп отыр. Ойын орталығы өзі жүретін машина, шарлы бассейн секілді жаңа ойыншықтармен толықпақ. Мұның бәріне қаражатты кәсіп иесі қазіргі ойын орталығынан түскен ақшаға алуды жоспарлап қойған. Айтпақшы, жеке кәсіпкер ойын орталығы арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

Иә, сол уақытта пандемияның алып келген өзгерісі көп. Соған барынша бейімделіп жатқандардың бірі – "Малике ана" мейрамханасының иелері. Кәсібін қайта бейімдеген олар онымен қоса наубайхана ашқан. Қармақшының біраз дүкеніне нан өнімдерін тарататын кәсіпкер аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Мейрамхананың жұмысы тоқтаған соң жұмыссыз қалған қызметкерлеріне наубайханадан жұмыс көзін ұсынып отыр. Олар таңертеңгі сағат 10.00 мен кешкі 22.00 аралығында жұмыс істейді. Наубайханада негізінен нан өнімдері, тәтті тоқаш пен кекстің түр-түрі дайындалады.

«Сол кездегі орын алған оқиғаға байланысты мейрамхана ісі карантин талаптарымен тоқтап қалды. Ал біздің басты табыс көзіміз сол еді. Әлемді жаулап алған пандемияны жеңу әзірге мүмкін болмағандай болды. Десе де тоқтап қалмай, тірлік етуіміз керек еді. Сол үшін біз де кәсібімізді өзгертіп, жаңаша іспен айналысуды жөн көрдік. Солай тоқтап қалмай кәсіп ете бердік. Сол қиындықтарды еңсеріп, жаңа бой тіктеген Мәлике-ана мейрамханасынан бөлек, бұрынғы мейрамхана орнында бүгінде балалар ойын орталығы мен осы наубайхана қызмет көрсетіп отыр. Қазір тынымсыз еңбек етіп, аудан тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етуге жұмыс істеудеміз», – дейді Жанар Бұқпанова.

Ал, берекесі мен бірлігі жарасқан ІІІ Интернационал ауылында «ЗЕМФИРА» атты кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасауда. Ауылды ас атасымен қамтып отырған цехтың ашылғанына жылдар толса да сұранысы әлі бар. Адалат Гайдарова бұл салада жүргеніне 20 жылдан асқан. Алдымен балабақшада аспаз болып еңбек еткен. Бүгінде өз ісін дөңгелетіп отыр. Күніне шамамен 150-200-ге жуық нан дайындайды. Мемлекет тарапынан қолдау алған кәсіпкер отбасылық бизнесті алдағы уақытта кеңейтуді көздеп отыр.

Мамандардың айтуынша, жақында облыстық өңірлік кеңес мүшелері Қармақшы ауданында жеке кәсіпкерлерімен кездесіп, кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өңірлік кеңес мүшелері кәсіптің көзін тауып, кез-келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау механизмдерін түсіндірді.Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Соның негізінде ауданда штат саны азайды. «Бастау-Бизнес» жобасы бұрынғыдай палата негізінен алынып тасталып, электронды порталға көшті. Қазір оны https://business.enbek.kz/ сайтында кіріп, өздері онлайн түрде өтеді. Палата жыл басынан бері жке кәсіпкерге не кәсіп бастауғы ынталы жандарға консультациялық кеңес береді. Мемлекеттік бағдарламалар негзінде грант, несие алу жөнінде ақпараттармен бөліседі, бизнес план жасауға себепші болады, оларды сүйемелдейді. 
 

Тағы да оқыңыз: