Kyzylorda-news.kz Өткен аптада Қармақшы ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, мектеп директорлары, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Отырыста күн тәртібіне сай «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны аясында атқарылған жұмыстар туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, «Демалыс кезінде балалар арасында су, өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Жаңабайұлының хабарламалары тыңдалды.

Комиссияда 8-9 сынып оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, еңбекке баулуда мектепте көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, ауылдық жерлерде шөп жұлу, келісім негізінде шаруашылық жұмысына атсалысу игі шаралары жүзеге асуда. Сондай-ақ кейбір мектепте ата-ана мен баланың бірге сенбілікке шығып, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу бастамалары да  оң нәтижесін беруде.  

Жиында бала қауіпсіздігіне байланысты бірқатар ұсыныс-пікір айтылды. Жаз мезгілінде балалардың жол-көлік оқиғасына тап болмасы үшін, ата-аналардың мұқият болулары тапсырылды. Әсіресе электромопедтердің көптігі кімді болсын алаңдатуда. Жасөспірімдер мен балалардың жолда жүру ережелерін білмейтінін ескерсек, әлбетте бұл өте қауіпті әрі болмақ.

Мәжіліс қорытындысында комиссия төрағасы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және балаларды өрт, су, басқа да сәтсіздік оқиғалары, тосын жағдайлардан сақтандыру қауіпсіздігіне байланысты профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында сала басшыларына үнемі назарда ұстап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағы да оқыңыз: