Kyzylorda-news.kz.  Аудан әкімі апта ішінде аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ең бірінші жалпы көлемі 8 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент», «Ақжар-Көмекбаев» автожолының жұмысымен танысып, жауапты сала басшыларына елді мекендерді облыс және аудан орталықтарымен байланыстыратын автожол құрылысының сапасын тұрақты бақылап, халық игілігіне пайдалануға беру үшін құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуының маңыздылығын атап өтті. 

Дауылкөл, Ақжар, Жаңажол елді мекендерінде биыл құрылысы басталған фелдьшерлік-акушерлік пунктердің жұмыстарымен танысты. Ауыл әкімдері мен сала басшыларына халық қажеттілігі үшін салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысын тұрақты бақылау қажеттілігін ескертті.Аудан басшысының жұмыс сапары Ақжар ауылындағы Ж.Жабаев көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысу және ауыл диқандарымен жүздесуімен жалғасты. Ауыл диқандарының көкейтесті сұрақтарына жауап берілді. Одан соң, аудан әкімі ІІІ Интернационал ауылына ат басын бұрып, Астана көшесіне жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы мен скважиналық су айдау қондырғысының жай-күйін қадағалады. 

Сапа соңында аудан басшысы Иіркөл ауылы тұрғындарымен кездесіп, бақша жұмыстарын бақылап, ауыл шаруаларымен еркін форматта пікір алмасу өткізді. Шаруалар ойда жүрген мәселелерін алға тартса, аудан басшысы ұсыныстардың назарға алынатынын тілге тиек етті.

Тағы да оқыңыз: