Kyzylorda-news.kz Құрылыс саласының дамуы, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары Қармақшы ауданында құрылыс саласы қарқынды дамуда. Жуырда аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Бірінші кезекте аудан басшысы құрылысы жүріп жатқан «Руханият» орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың құрылысы наурыз айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Аталмыш ғимаратқа музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары секілді бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдар біріктіріледі.
Мұнан соң аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы Жосалы кентінің төлқұжаты орналасатын орынды көрді. Осыған сәйкес тиісті сала басшыларына жұмыстарды жоспарға сай және сапалы атқаруды тапсырды. Сондай-ақ сәрсенбі күні аудан басшысы бірқатар елді мекендерді аралап, құрылыс нысандары мен жол жөндеу жұмыстарын бақылады. Алдымен Жаңажол, ІІІ Интернационал ауылдық округтерінде құрылысы жүріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысын бақылады. Сала басшылары мен жауапты мердігерлерге құрылыс нысандарының құрылысын сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Одан кейін аудан әкімі Ақжар, Дауылкөл ауылдық округтерінде болып, елді мекен төлқұжаттарының құрылысы мен жақында пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияларда қаншалықты тұрғындарға қолайлы жағдай жасалғанын бағамдады. Сондай-ақ санитарлық-тазалық және абаттандыру жұмыстарын да қадағалады.
Жұмыс сапарының соңында аудандық маңыздағы «Ақжар-Көмекбаев» автомобиль жолының жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы жауапты мердігерге жол жөндеу жұмыстарын сапалы етіп жасауды және мерзімінде бітіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.