Kyzylorda-news.kz. Он сегіз мың ғаламды жаратушы Құдай пендесіне жақсы амалдарды жасау үшін өмір сүрудің қағидаларын жеткізді. Сонымен қатар мұсылмандарды бір-біріне бауыр етіп қана қоймай, бірлікте болу үшін ортақ берекеге толы мерекелерді де нәсіп етті. Ол әлемдік деңгейдегі мәртебесі биік – Құрбан айт мерекесі. Жаратқанға пендесін сауапты істерімен жақындастыратын бұл күн Ораза айттан кейін жетпіс күннен соң басталып отыр.

Пайғамбарымыз өз өсиетінде «Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу» деген. Сондықтан айт мейрамы намаз оқумен басталады. Ибраһим бабамыздан бастау алған құрбан айт ұлы күн болып саналса, кей ғұламалар осы дүниедегі ең қайырлы, тіпті арафа күнінен артық көрген. Яғни қасиетті күндерді ұлықтау адам баласының тақуалығынан хабар берген.

Еліміздің әр аймағында айт намазы азанда әр уақытта оқылса, облысымыз бойынша сағат 6.00-де басталды. Бұл уақытта аудандағы «Қармақшы ата» мешітіне де тұрғындар айт намазын жамағатпен оқуға ерте келді. Қасиетті күні Жаратқанның мейірімі төгілгей күн ерекше шуағын шашып, салқын самалын есті. Сондай-ақ мерекеде бір-бірімен көріскендер көркем мінез танытып, құшақтасып төс қағыстырып амандасып, айт қабыл болсын десті. Мешітте бас имам Өміржан Жұмаділдаұлы жиналған жамағатқа Құрбан айттың ерекшелігі мен үкімі жөнінде уағыз айтты.

«Құрбан айт Жаратқанның ұлық мерекелерінің бірі. Әлбетте бұл күні бірінші мұсылман сіз бен біз бір-бірімізге кешірімшіл болуымыз керек. Өкпе ренішті ұмытып, құрметпен қараған абзал. Адам баласы құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз жақсылықтары мен шексіз нығметтеріне алғыс-шүкірін айтып, күнәларына кешірім тілейді. Құрбан шалудың негізгі үкімі – пенденің Құдайға толық бойұсынғанын анықтап, тақуалығын тексеру. Әйтпесе кәмілдік пен пәктіктің иесіне мал етінің еш қажеті жоқ, ол біздің шалған құрбанымыздың қанына немесе етіне мұқтаж емес. Алайда біздің Жаратушының әмірін «Құп алдым, құлдық» деп орындауымыз, әрекетіміздегі ықыласымыз бен ниетіміз оған жетіп, разылығына бөленуіміз сөзсіз. Сондықтан сүйіспеншілік әуелі Жаратқанға бағытталуы керек», – деді бас имам. 

Иә, Құрбан айт мерекесінің ерекше қасиеті ол туыстық қарым-қатынасты нығайтып, жақындастырады. Мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, өзара құрмет сезімдерін арттыруға септігін тигізеді. Отбасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрлерді жаңғыртып, болашақ ұрпаққа ұлағатты ғибрат береді. Имани тәрбиесі мол уағыздан соң айт намазы оқылып, Жаратқанға дұға жасалды.

Қасиетті мерекеде адамның ішкі ниеті, дінге бекемдігі таразыға түседі. Пенденің пендешілігі, сараңдығы мен жомарттығы сыналады. Өзім ғана ішсем, жесем, тоқ болсам деп қара бастың қамын ойламаған жөн. Осы ретте Пайғамбарымыз «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес» деген. Осы ретте ауданымыздағы ардагер ұстаз Смағұл Қауысов ағамыздың ұйымдастыруымен бір ірі қара мал сойылып, азық-түлікпен бірге кентіміздегі көпбалалы, жалғыз басты және мүмкіндігі шектеулі жандары бар барлығы 35 отбасыға қайырымдылық жасалды. Мұнан соң аудандағы «Ғибрат» ас үйі мейрамханасында ас беріліп, өмірден өткен жандарға Құран бағышталды.

Тағы да оқыңыз: