Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек ауданда карьерлер қазу қызметімен айналысатын «АНК-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
Қазіргі таңда серіктестік 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрағасы - Дәулет Қанатбай. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық жобалардың басы-қасында жүрген серіктестік төрағасы Қармақшы ауданының басшысы Жандос Еркінбекке кәсіпорынның өңдеу саласына да бетбұрыс жасағаны жайында айтып, кәсіпорынның қазіргі жұмыстарымен таныстырды. Оның ішінде сплиттерлік блоктар өндірісін жолға қойып, алдағы уақытта газоблок өндірісі жобасын іске асыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Бүгінгі күні жобаны «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде 60 млн теңгеге несиелендіру мақұлданған екен. Жобаның жалпы құны 120 миллион теңгені құрайды. Алдағы уақытта жоба іске асырылған жағдайда қосымша 10 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбек өз кезегінде серіктестік төрағасының кәсібіне береке, жаңа бастамаларына табыс тіледі. Алдағы уақытта жаңа жобалар бастамасын тауып, істер ілкімді болмақ.

