Kyzylorda-news.kz. Осыдан жеті жыл бұрын Қармақшы ауданында мейірім орталығы ашылған-ды. Былайғы жұрт оны «Пернеш әжейдің» дүкені деп атап кеткен. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында ашылған дүкен бүгінде көптің алғысына бөленіп жүр. Қайырымдылық жасауға ниеті бар тұрғындар осы мейірім орталығына қолынан келгенше көмек қолын созуда.

Дүкен киім-кешек, аяқ киім, балаларға арналған ойыншықтар, тағы басқа бір-екі қолданыстан шығып қалған, пайдаға асатын заттарды қабылдайды. Қазір уақыт көшімен сән үлгісі де жылдам өзгеруде. Мәселен, биыл алған киіміңіз келесі жылы сәннен шығып, киюге жарамай қалып жатады. Бұрындары ескі киімді ауылдағы туыс-тумаға жіберу деген жақсы үрдіс бар-тын. Ол да қазір қалып бара жатқандай. Берген киімің қоқысқа кетіп, рәсуа болып жатқан жайы бар. Мұндайда мейірім орталығына әкелсеңіз, жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін таратылады.

Әлеуметтік дүкеннің басты мақсаты – қолдан келгенше көмек қажет ететіндерге қол ұшын созу, жәрдемдесу. Бұрын тұтынуда болғанымен сапасы тәуір дүниелерді адамдарға тарту етеді. «Ысырап болмасын» деп орталыққа әкеліп жататындар аз емес. Қағазы үзілмеген жаңа киімдер де өткізеді.

– Бұл орталықты 2016 жылдың мамырында аштым. Әуеліде мешіттегі көмекке арналған заттарды алып, мұқтаж жандарға таратып жүрдім. Кейін арнайы орталық ашуды жөн көріп, аудан әкімдігіне жүгіндім. Ондағылар менің ұсынысымды бірден қолдап, мекеме тауып берді. Қазір «Мейірім орталығы» өз жұмысын толықтай атқарып, елдің игілігі үшін қызмет етуде, – дейді ол бар ықыласымен.

Бұл күнде Пернегүл Әбіләкімқызы кейде қолға түскен затты өзі алып кетіп, үйді-үйге таратып береді. Бұл орталыққа өз көмегін берушілер қатарында ел ағалары, мектеп мұғалімдері, оқушылармен қатар қарапайым тұрғындар да бар. Орталық жұмысын атқарып бастағалы талай көмек көрсетіліп, бірнеше қызықты оқиғалар да болған.

«Бірде бір үйден зат алып кетуге барғанымда үй иесі компьютерді де алуымды ұсынды. Құрылғы аз-маз ескірсе керек. Біреуге жарап қалар деген оймен ала кеттім. Екінші күні бір әйел келіп, әлгі компьютерді алуға рұқсат сұрады. «Орталықтағы барлық заттар сіздер үшін. Қалаған затыңызды ала беруіңізге болады» дедім. Ол қуанып, компьютерді алып кетті. Бір-екі күн өткен соң жұмысқа келе жатқанымда толып тұрған кішкентай балаларды көрдім. Мектеп оқушылары болса керек, бір-бір сөмкелерін арқалап алған. Не үшін күтіп тұрғандарын сұрағанымда: «Апа, сіз компьютер таратып жатыр деп естідік. Бізге де беріңізші» дейді. Жүзіме күлкі үйіріп, балаларға мән-жайды түсіндірдім», – дейді кейіпкеріміз күлімсіреп.

Кең пейіл жанның жәрдемдесіп жүрген барша аудан тұрғындарына алғысы шексіз. Қоңырау шалса киім-кешекті әкеліп, таратып беруге қай мекеменің болса да басшысы көлік тауып беруге даяр. Қарапайым тұрғындардың өзі де орталыққа киім, жиһаз бен ыдыс-аяқ әкеліп, сөрелерді толтыруда.

«Әлеуметтік дүкеннің қызметі аудан жұртшылығына бес саусақтай аян. Жеті жыл ішінде көпбалалы аналар мен әлжуаз отбасылар және оқушыларға киім таратып, алғысына бөлендік. Олардың қуанышын көру мен үшін үлкен бақыт. Мұндағы киімдер бір-екі рет киілгені болмаса таза, су жаңасы да бар. Арасында әртүрлі заттар келеді. Бір жылдары істейтін компьютерге дейін әкеп тастаған. Сарайда құр жатқаннан өзгеге пайдаға ассын дегені шығар. Әйтеуір мұнда қалмайды. Қазір енді денсаулығыма байланысты дүкенге көп келіп жүргенім жоқ. Өзім болмаған соң «дүкен жабылып қалған ба?» деп сұраушылар көп. Мені іздеген жандарға мейірім орталығы жұмыс істеп тұрғанын айтқым келеді. Дүкеннің мекенжайы Қорқыт ата көшесіндегі сол бұрынғы балалар интернаты болған ғимарат. Киім өткізушілер болса сол жаққа апаруларын сұраймын», дейді Пернегүл апа.

«Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек» деп ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, талай жыл темір жолда темірдей тәртіппен қызмет еткен Пернегүл Әбіләкімқызы бұл күнде мейірімі мол қызметте. Еңбегіне ақы алмайды, тегін атқарады. Қолда барын аямаған, жәрдем беруден аянбаған кейіпкерімізді бүгінде тұрғындар танып қалған. Жеке басының емес, елдің мүддесін жоғары қойған апамызға Алла қуат берсін.

Тағы да оқыңыз: